Австрияда мектепте атыс болды: қаза тапқандар мен жараланғандар бар
АСТАНА. KAZINFORM – Австрияның Грац қаласындағы орта мектепке қарулы шабуыл жасалды. Өкінішке қарай 10 адам, оның ішінде шабуыл жасаушының өзі де, қаза тауып, 12 адам жараланды, деп жазды Анадолы агенттігі.

Полиция өкілі Фриц Грунднигтің айтуынша, қарулы шабуыл Грац қаласындағы Драйершютценгассе көшесінде орналасқан мектепте жасалған.
Ақпарат бойынша, оқиға салдарынан 10 адам, соның ішінде шабуыл жасаушы да, көз жұмды.
Осы оқиғаға байланысты Премьер-министр Кристиан Штокер барлық іс-шараларын тоқтатып, Ішкі істер министрі Герхард Карнер оқиға орны – Грац қаласына барды.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, шабуылдан 9 адамды өлтірген қылмыскер кейін мектептің әжетханасында өзін-өзі өлтірген. Мәлім болғандай, ол мектептің бұрынғы оқушысы болған және буллингке (қысымға) ұшыраған.
Штирия федералды полициясы (Грац қаласы осы аймаққа кіреді) әлеуметтік желі X парақшасында жариялаған мәлімдемесінде жағдай бақылауға алынғанын және қауіп сейілгені хабарланды. Жарақат алғандар ауруханаларға жеткізілді, аймаққа қосымша полиция бөлімшелері жіберілді, мектеп эвакуацияланды.
Президент Александр Ван дер Беллен X әлеуметтік желісінде: «Бұл сұмдықты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бүгін Грацтағы мектепте болған оқиға еліміздің жүрегіне ауыр соққы болды», – деп жазды. Ол зардап шеккендерге көңіл айтып, жанашырлық білдірді.
Премьер-министр Кристиан Штокер бұл оқиғаны «ұлттық трагедия» деп атап, бүкіл елге үлкен күйзеліс әкелгенін, қаза тапқандарға көңіл айтатынын жеткізді. Штокер: «Австрияның бүгінгі күйін сөзбен жеткізу мүмкін емес», – деп, бүкіл ел атынан бірлік пен қолдау білдірді.
Елде қаралы күн жарияланды
Оқиға орнына барған Премьер-министр Штокер мен Ішкі істер министрі Карнер баспасөз мәслихатын өткізді. Онда 10 адамның, оның ішінде шабуыл жасаушының да қаза тапқаны расталды.
Премьер-министр бұл шабуылға байланысты елде үш күндік қаралы күн жарияланғанын мәлімдеді.
Министр Карнердің айтуынша, қаза тапқан 9 адамның алтауы қыз бала, үшеуі ұл бала, ал шабуылдаушы – сол мектептің бұрынғы оқушысы.
Министрдің сөзіне қарағанда, кемінде 12 адам жараланып, олардың кейбірінің жағдайы ауыр.
Полиция өкілі Джеральд Ортнердің айтуынша, шабуыл жасаған адам шабуылдан кейін мектептегі әжетханаға барып, өзін-өзі атып өлтірген.
Ортнердің мәлімдеуінше, күдіктінің бұрын сотты болмаған, ол шабуылды лицензияланған ұзын қару мен тапанша арқылы жасаған. Күдікті – Грац қаласы маңындағы 21 жастағы Австрия азаматы. Қазір тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін жергілікті БАҚ адамдардың қаза тапқан және сегіз адамның жарақат алғанын хабарлаған еді. Сонымен қатар, атыс ашқан оқушы өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін делінген еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Молдова президентінің иті Австрия президентін тістеп алғанын жазған едік.