Австриялық компания Ақмола облысында керамикалық бұйымдар шығаратын зауыт салмақ

Ақмола облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, компания өкілдерінің өңір басшысымен кездесуінде екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
«Біздің өнеркәсіптік әлеуетіміз жоғары, бүгінде біз мойынтіректердің жүз пайызға жуығын, әрбір екінші астық жинайтын комбайнды, үшінші кг алтынды, үшінші кірпішті, әрбір жетінші тонна уранды шығарамыз. Біз әлемнің 90 елімен ынтымақтасамыз. Біз Австриямен жұмыс істейміз. Бес айдың ішінде сыртқы сауда айналымы шамамен 5 миллион АҚШ долларына жетті. Біздің өзара іс - қимылымыздың әлеуеті зор деп санаймын», - деді өңір басшысы.
Осы ретте, аймақ басшысы Ермек Маржықпаев облыстық инвестициялық жобаларды іске асыру үшін барлық мәселені талқылауға дайын екенін атап өтті. Ал «Lasselsberger Group» халықаралық корпорациясының өкілдері ауданның да, облыстың да экономикасын дамытуға одан әрі мультипликативті әсер ететін керамикалық бұйымдар шығаратын зауыт салуға ниетті екенін айтты.
«Біз үшін ең бастысы – керамика бүйымдарын шығаратын өндірісті ашу. Ең бастысы – шикізатты табу. Біз сапасыз өнім шығаратын компания емеспіз. Бізде бүкіл әлем бойынша 90-нан астам зауыт бар. Біз үш бағытта жұмыс істейміз: қағаз өнімдеріне, керамикаға, шыныға арналған минералдар шығарамыз. Екінші бағыт – керамика өндірісі, ал үшінші бағыт – құрылыс материалдары. Біз цемент, құрғақ құрылыс қоспалары, желім және басқаларын шығарамыз, ол ғимараттың ішінде де, сыртында да безендіру үшін қажет», - деп атап өтті компания иесі Йозеф Лассельсбергер.
«Lasselsberger Group» – әлемнің 17 елінде 67 өндірістік кәсіпорны бар және шикізат, құрылыс материалдары мен керамикалық бұйымдар өндіру бойынша Еуропадағы жетекші компаниялардың бірі.
«Мұндай жобалар біздің облысымыз үшін өте маңызды. Өз тарапымыздан біз барлық мәселе бойынша барынша қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Мұндай кездесулерді өткізу өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтатынына сенімдімін», - деп қорытындылады Ермек Маржықпаев.
Айта кетсек, бұдан бұрын Сандықтау ауданында 4 миллиард теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асып жатқанын жазған едік.