Автобус апатынан зардап шеккен Алуаның отбасына әкімдік 4 бөлмелі пәтер сыйлады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Астана қаласының әкімдігі жеке демеушімен бірлесіп, отбасыға елордадағы жаңа тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтердің сертификатын табыстады. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті.

— Тұрғын үй кешені биыл қазан айында пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, құрылыс компаниясы пәтерді жөндеу және жабдықтау жұмысына да көмек көрсететін болады. Осыған дейін зардап шеккен отбасыға көрсетілетін өзге де қолдау шаралары туралы хабарланған болатын, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордада қоғамдық көлік бағанға соғылып, бірнеше адам жарақат алғанын жазған едік. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген болатын.
Артынша бір жолаушының аяғы ампутацияланғаны хабарланды.
Кейін зардап шеккен баланың отбасына 30 млн теңгедей берілетіні белгілі болды.
Ал, бүгін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жол апатынан зардап шегіп, қос аяғынан айырылған Алуаның отбасына пәтер берілетінін айтты.