Автобус тізгіндейтін әйел: Бұл жұмысқа бала күннен қызықтым
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Әлия Ахмолдинаның Өскеменде автобус рөліне отырып, жолаушыларды діттеген жерлеріне жеткізіп жүргеніне жарты жылдан асты.

Ол бұған дейін 20 жылдай кондуктор болған. Жүгі ауыр жұмыстан тайсалмай, өз міндетін ерлерден еш кем атқармай, халықтың ілтипатына бөленіп жүрген әйелді әңгімеге тартып көрдік.
- Әңгімеміздің әлқиссасын туып-өскен жеріңізден бастасақ...
- 1982 жылы Абай облысы Жаңасемей ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келдім. Көпбалалы отбасымыз. Өзім үйдің кенжесімін. Әкем автобус жүргізушісі, анам сауыншы болды. 8 жасымнан бастап шешеме қолғабыс етіп жүрдім. Әкем жолаушы таситын емес, қызметтік автобусты айдайтын.
- Сол кезде әкеңіздің жұмысына қызығатын ба едіңіз?
- Иә. Автобус тізгіндеуге бала күннен қызықтым десем де болады. Маған тек жүргізушілік емес, жалпы автобус ұнайтын. Бірақ нақты шешімді мектеп бітірген соң қабылдадым. Семейдегі №6 автобусқа отырғанда кондукторлардың қалай жұмыс істейтіні, халықпен қалай жылы сөйлесетіні ұнады. Тіпті автобустардың аялдамаларға тоқтап, келер жеріне жеткен жолаушылардың түсіп, барар бағытына асыққан жандардың ішке кіріп жатқан көрінісінің өзі әсер қалдырды. Сөйтіп, кондуктор болып еңбек ете бастадым.
Бірақ ата-анам әуелі қарсы болып, есепші мамандығын оқуға кеңес берді. Сол мамандық бойынша кейін арнайы курстарды тәмәмдап шықсам да жұмысымды ауыстырғым келмеді. Адам өзінің қалауы соққан бағытты таңдағаны дұрыс қой.
- Кондуктор болып қанша жыл жұмыс істедіңіз?
- 20 жыл. Осы уақыт ішінде жұмысымды еш ауыстырғым келмеді. Десе де автобус айдау деген бала күнгі арман санамда сарнап тұрды. Оның үстіне жүргізуші куәлігім, автобус айдауға қажетті категориям да бар. Мектеп кезінде балалар B категориясын ғана оқимыз дегенде, мен B мен C-ны қатар оқып алғанмын. Кейін D категориясын да меңгердім. Алайда ауылда тек Газель айдағаным болмаса автобус тізгініне отырып көрмегенмін. «Тәуекел!» деп, Өскеменге көшіп келіп, автобус жүргізушісі болып жұмысқа орналастым. Басында тағылымдамадан өтіп, қолымнан келетінін көргенде осындай таңдау жасағаныма шын қуандым. Қазір қала ішінде қатынайтын қоғамдық көлікті тізгіндеп келе жатқаныма жарты жылдан асты.
Оның алдында Түркістанға барғанмын. Киелі жерлерді араладым. Сол кезде іштей тілек тіледім. Ол – автобус жүргізушісі болу еді. Былай қарасаң, күлкілі көрінеді. Бірақ қалауым сол болды. Құдайға шүкір, қалауыма жетіп отырмын.
- Ең бірінші рет автобус тізгініне отырғанда қандай сезім болды?
- Кішілеу емес, бірден үлкен автобусты айдадым. Оның үстіне далада көктайғақ болды. Соған қарамастан көп қиналмадым. Автобустың бағытын бірден жаттап алдым. Қазір тек бір емес, бірнеше бағыттағы автобустарды тізгіндей беремін. Басында артқа қарай жүру ауырлау болды. Әйтеуір оны да үйреніп кеттік.
- Жұмысыңыз сағат нешеде басталады?
- Күн сайын таңғы сағат 4-те тұрамын. Шәйімді ішіп алып, сағат 5-те автопарк базасына барамын. Автобустың іші-сыртын қарап, капотын ашып, майын, суын тексеремін. 6.30-да қарбалас жұмыс басталып кетеді. Автобусқа көп адам мініп жатса өзімнен-өзім балаша қуансам, кісі қарасы сиреп кеткенде көкірегімді көңілсіздік кернейді. Жолаушылардың бәрін жақсы көремін. Оларды барар жерлеріне жеткізіп отыру – мен үшін бақыт.
Автобусты кестеден кешіктірмей жүргізуге тырысамын. Әйтпесе адамдар көп тосып қалады. Немесе ол жолаушыларды басқа автобустар алып кетеді. Сол үшін дәлме-дәл уақытпен жүремін. Қоғамдық көліктер қыста кешкі 8-9-ға дейін, жазда 10-11-ге дейін қатынайды.
- Бұл жұмыс сізді неге үйретті?
- Сабырлыққа үйретті. Бұл адам үшін ең қажетті қасиет деп ойлаймын. Қандай жағдай болмасын төзімді, шыдамды болған жөн. Неше түрлі адам болады. Автобусқа ашу қысып кірген жандардың негативін қабылдамай, олармен сөз таластырмай, салқынқанды болуға тырысамын.
Мені осындай сәттерде музыка құтқарады. Жұмыс кезінде жанға жайлылық, бойға тыныштық сыйлайтын әуендерді тыңдап отырмын. Сол арқылы шабыттана түсемін.
- Жолда әртүрлі жағдайлар болып жатады ғой. Мысалы, автобустың дөңгелегі жарылып қалды делік. Оны өзіңіз ауыстырасыз ба?
- Жоқ. Біздің автопаркте оған арнайы жұмысшылар бар. Қоңырау шалып, шақыртамыз. Үнемі жедел келіп, көмектесіп кетеді.
- Жұмыс барысында қандай қызықты оқиғалар болды?
- Автобус рөліне отырғаныма үш-ақ күн болған кез. Әлі үрей кетпеген, сасқалақтап әрең айдап келемін. Бір жас жігіттер даңғырлатып музыка қосып қойды. Оларға «дауысын ақырынырақ қойыңдаршы, бүгін жұмысқа 3-ші күн ғана шығып тұр едім» дедім. Жігіттер лезде даусын басты да, «3 күн емес, 30 жыл бойы автобус жүргізетін сияқтысыз. Нағыз кәсіби жүргізуші екенсіз!» деді. Қатты қуанып қалдым.
Бірде автобусқа кірген апа музыканы өшіруімді сұрады. Ол кісіге «Апа, музыканы өшірсем автобусты айдай алмай қаламын. Рөлге отырғаныма көп болған жоқ» деп едім, күлімсірей қарады да «Мені базарға дейін жеткізіп тастасаң болды» деді.
- Сіз сияқты автобус тізгіндегісі келетін нәзік жандылар болса, оларға қандай кеңес берер едіңіз?
- Қыздарға ештеңеден қорықпаңыздар дегім келеді. Өздеріңіздің ішкі қалауларыңызды тыңдаңыздар. Ал қорқыныш бола береді. Оны жеңе білу керек. Автобус айдағыларыңыз келсе тайсалмай әрекет етіңіздер. Басында менде де қорқыныш болды. Жолға шыға кетпей автопарк базасының ішінде айдап көрдім. Қолымнан келеді екен. Сондықтан сіздер де солай істеп көріңіздер. Көрмей жатып мақсаттарыңыздан бас тартпаңыздар.
- Ендігі арман-мақсаттарыңыз қандай?
- Жасым 40-тан асса да тұрмысқа шықпадым. Себебі еңбекке ерте араласып, анама көмектесіп жүрдім. «Ештен кеш жақсы» дейді ғой, енді екінші жартымды тауып, бала сүйгім келеді.
- 8 наурызға орай әйелдер қауымына айтар тілегіңіз?
- Әйелдің қолынан келмейтін іс жоқ. Автобус тұрмақ, ұшақты да айдап үйреніп ала аламыз. Сондықтан әйелдер қауымы аңсаған армандарына жете берсін деп тілеймін!