Автомектепте оқымастан жеңіл автокөлікті басқаруға жүргізуші куәлігін алуға болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жүргізуші куәлігін беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру шеңберінде, Емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру туралы қағидаларына (ҚР ІІМ 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 862 бұйрығы) азаматтарға автомотокөлік (мотоциклдер және жеңіл автокөліктер) құралдарын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігін алу кезінде емтихан тапсыруға дербес дайындалуға мүмкіндік беретін норма енгізіледі.

 Автомектепте  оқымастан жеңіл автокөлікті басқаруға жүргізуші куәлігін алуға болады

Көрсетілген жаңашылдықтар ҚР Әділет министрлігінде нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуден өткізіп және оны жарияланған кейін күшіне енеді.

 «Жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер өз бетімен дайындалған жағдайда  тек мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында ғана емтихан тапсыратынын атап өткен жөн. Сонымен қатар, аталған норма кәсіби жүргізушілерге таралмайды (С,D,E санаттары және тиісті санаттар). Осылайша, жекелей дайындалу құқығын жеңіл автокөлік немесе мотоцикл басқарғысы келетін жүргізушілер пайдалана алады (А,В санаттары және тиісті санаттар)»,-деп атап өтілген ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінде.

Емтихан қабылдау рәсімі бұрынғыдай болып қала береді, теориялық және тәжірибелік екі кезеңнен тұрады. Көлік құралына жүргізушілік куәлігін алуға үміткер 40 минут ішінде теориялық емтихан тапсырады және 32 сұраққа дұрыс жауап берген жағдайда тәжірибелік емтихан тапсыруға жіберіледі.

Тәжірибелік емтиханды тапсыру кезінде үміткер 20 минут ішінде белгілі бір маршрутпен өзара байланысты 12 сынақ жаттығуларын орындауға тиіс, бұл ретте айып балдары 100-ден аспауы керек.