Автомектептер жүргізуші даярлау ісіне атүсті қарап отыр - ІІМ

АСТАНА. 12 ақпан. ҚазАқпарат - Еліміздегі автомектептер жүргізуші даярлау ісіне атүсті қарап отыр. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Жол жүрісі туралы» жаңа заң жобасын талқылау барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлік Кененбаев осылай мәлім етті.
None
None

Тоқтала кететін жайт, құжатты талқылау барысында депутат Ерген Дошаев жүргізушілерді даярлаумен айналысатын еліміздегі оқыту орындарының жауапкершілігін күшейтуді талап еткен болатын. Оның айтуынша, былтыр жол қозғалысы ережелерін 14 мыңға тарта жүргізуші бұзса, солардың едәуір бөлігі жүргізуші куәлігін жаңадан алғандар екен. «Бұл фактінің өзі еліміздегі автомектептердің атүсті оқытатындығын білдірмей ме? Бұндай автомектептердің саны шамамен 900-дей заңды тұлғаны құраса, жыл сайын оларда шамамен 400 мыңдай қазақстандық оқиды. Автомектептердің жұмысы үшін бүгінгі күнде ешқандай шектеуші тетік те жоқ. Сондықтан олар бұны бизнес көзіне айналдырып, жүргізушілердің сапалы даярлануына аз көңіл бөледі», - дейді Е. Дошаев.

Өз кезегінде депутаттың көтерген мәселесімен Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлік Кененбаев та келісті. «Шындығында елімізде автокөлік жүргізушілерін даярлайтын 900-ге тарта мектеп бар. Алайда, онда оқып шыққан жүргізушілердің сапасы талаптарға сай келмейді. Әрине, біз оқу үдерістерін бақылай алмаймыз. Дегенмен, емтихан қабылдаулары барысында біздің өкілдер қатаң талаптарды ескеріп жұмыс істейтін болады. Бұл бағытта біз мақсатты жұмыстар жасауға әзірміз», - деді Е. Кененбаев.

Соңғы жаңалықтар