Автомектептерді ашу хабарламадан рұқсат беру тәртібіне көшірілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Жүргізушілерді даярлаудың ашықтығы мен сапасын арттыру үшін автомектептерді ашу хабарламадан рұқсат беру тәртібіне көшіріледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған.

автошкола
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Тәртіп сақтауды күшейту және заңбұзушылықтарды болдырмау мақсатында жүргізуші куәлігін беру кезінде кезең-кезеңімен кешенді шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, жүргізушілерді даярлау, емтихандарды қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларына түзетулер енгізілді. А, В, А1, В1 санаттарына өз бетінше дайындалу арқылы емтихандарды тапсыру мүмкіндігі алынып тасталды. Сондай-ақ емтихан сыныптарын техникалық жарақтандыру (биометриялық сәйкестендіру, бейнежазба, метал іздегіштерді пайдалану) бойынша ең төменгі талаптар белгіленді,- деді ол.

Бірінші вице-премьердің мәліметінше, көрінеу жалған оқытуды болдырмау үшін кәсіптік бірлестіктердің ақпараттық жүйесі арқылы оқушыларды (кандидаттарды) есепке алу енгізілді. 2025 жылғы қаңтардан бастап Ішкі істер министрлігі «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-пен бірлесіп. «Автомектеп» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін пайдалана бастады. Онда 727 оқу ұйымы және 408 мың оқушы тіркелген.

- «Автомектеп» жүйесінің функционалы жүргізушілерге кандидаттарды электрондық тіркеуді, оларды медициналық есепке алу және басқару құқығынан айыру тұрғысынан тексеруді жүзеге асыруға, оқытушылар мен оқу автокөліктерінің есебін жүргізуге, сондай-ақ курстарды аяқтағаны туралы куәліктерді электрондық түрде ресімдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жүргізушілерді даярлаудың ашықтығы мен сапасын арттыру үшін автомектептерді ашуды хабарламадан рұқсат беру тәртібіне көшіруді, кәсіптік бірлестіктерге міндетті мүшелікті және аталған ұйымдардың басшыларына қойылатын талаптарды арттыруды көздейтін заңнамалық түзетулер дайындалды, - деді Роман Скляр.

Айта кетейік, көлік жүргізушілерін даярлау қағидаларына сәйкес, автомектептердің қызметін есепке алу және оқу топтарын тіркеу процесін автоматтандыру мақсатында «Автомектеп» ақпараттық жүйесі әзірленді.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум