Автомобиль мен тракторларға арналған бөлшектердің импорты 50 пайызға өсті - сенатор
АСТАНА. KAZINFORM – Елден негізгі шикізат экспортталып, Қазақстанға қосылған құны бар тауарлар импортталады. Бұл туралы Сенатта өтіп жатқан өңдеу өнеркәсібін дамыту тақырыбындағы Парламенттік тыңдауда депутат Сағындық Лұқпанов айтты.

«Өңдеу өнеркәсібіне шикізат пен бөлшектер импортының көлемі 50 пайыздан асып отыр. Елден негізгі шикізат экспортталып, Қазақстанға қосылған құны бар тауарлар импортталады. Қазақстан елде өндірілетін алюминийдің 87 пайызын, мыстың 99 пайызын, қорғасынның 77 пайызын өңделмеген немесе бастапқы өңделген күйде экспорттайды. Бұл ретте, отандық өңдеуші кәсіпорындар өндіріске қажет шикізат тапшылығын сезініп отыр», - деді С. Лұқпанов.
Сонымен қатар сенатор статистикалық мәліметтерді жариялады.
«Ел импортының 40 пайызы машина жасау өнімдеріне тиесілі. Былтыр автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектердің импорты 50 пайызға жуық (1,1 млрд долларды құрады), автомобиль кузовтарының импорты 51,3 пайызға (жалпы сомасы 1,6 млрд долларға шанақ әкелінді) өсті. Мұнымен қоса, ауыл шаруашылығында егін жинауға арналған машиналар мен механизмдердің импорты 2,5 есеге артты. Атап айтқанда, Қазақстандағы машина жасаудың ішкі нарығы отандық өндіріспен небәрі 13 пайызға қамтамасыз етілген», - деді депутат.
Сағындық Лұқпановтың сөзіне қарағанда, машина жасаудағы негізгі үлесті локализацияның минималды деңгейімен қарапайым құрастыру өндірісі алып отыр.