Автомобиль шығарындыларын өлшейтін құрылғы Алматыда биыл неліктен қолданылмайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Пилоттық кезеңде жұмыс істеген спектрометрлер былтыр 17 мыңнан астам көліктің шығарындыларын өлшеген.

 Көлік шығарындыларын өлшейді: Алматыда неліктен спектрометрлер жобасы тоқтап қалды
Фото: Алматы әкімдігі

Былтыр Sergek Group компаниялар тобының жеке бастамасы ретінде Төлебаев және Гоголь көшелерінің қиылысында спектрометрлер орнатылғанын жазғанбыз. 

Жобаның мақсаты – автокөліктердің шығарындыларындағы зиянды заттарды анықтау мүмкіндігін зерттеу болған.

Алматы қаласының Экология басқармасы агенттік сауалына жауап бере отырып, 2025 жылы спектрометрді орнату жоспарда жоқ екенін хабарлады. Сонымен қатар басқарма пилоттық жобаның нәтижелерімен бөліспеді.

Ал Sergek Group компаниялар тобының коммуникация департаментінде бұл құрылғы әрі қарай дамытуды қажет ететінін мәлімдеді.

- Құрылғы «Sergek» интеллектуалды жүйесімен біріктірілді. 15 қазан мен 8 қараша аралығында жүргізілген пилот барысында 17 мыңнан астам көліктің шығарындылары өлшенді. Дегенмен, алынған деректерден зиянды заттардың шекті мөлшерден асып кетуін нақты анықтау мүмкін болмады, себебі өлшеу нәтижелеріне жел, ылғалдылық, атмосфералық қысым сияқты сыртқы факторлар әсер етті. Бұл технологияны әрі қарай дамыту үшін қосымша зерттеулер жүргізіп, сыртқы факторларды ескере отырып түзету коэффициенттерін енгізу, өлшеу әдістемесін қалыптастырып, оны ҚР реестріне енгізу қажет, - делінген компания жауабында.

Алайда жауапты компания бұл жобадан түбегейлі бас тартпағанын да мәлім етті. Sergek Group мәліметінше, жоба тек инвестицияларды қажет етеді.

- Пилоттық жоба спектрометрлердің көмегімен автокөлік шығарындыларын автоматты түрде өлшеу жүйесін дамытуға жақсы мүмкіндік бар екенін көрсетті. Алайда, оны толыққанды енгізу үшін қосымша инвестициялар қажет. Егер уәкілетті органдар бұл жүйеге қызығушылық танытса, ол автоматты түрде жұмыс істеп, қозғалмалы ластау көздерін анықтауға, сондай-ақ жүргізушілерге техникалық қызмет көрсетуден өту немесе экологиялық бақылау бекеттеріне бару қажеттігі туралы хабарлама жіберуге мүмкіндік береді, - деп хабарлады мекемеден.

Айта кетейік, спектрометрлер жұмысының нәтижесінде ешқандай көлікке айыппұл салынбаған. Себебі түрлі технологияларды тестілеудің зерттеу кезеңдері айыппұл санкцияларын көздемейді.

Дегенмен, 2024 жылы Алматыда экологиялық нормаларды бұзған жүргізушілерге 437 млн теңге айыппұл салынды. 

Алматы полициясының мәліметіне сәйкес, қалада 19 табиғатты қорғау бекеті бар. Олар қаланың жан-жағында орналастырылған. 2024 жылы табиғатты қорғау бекеттерінде 25 мыңнан құқық бұзушылық анықталған. Шығарындылардағы ластаушы заттардың мөлшері бойынша нормативтерден асатын автокөліктерді және басқа да жылжымалы көлік құралдарын пайдаланғаны үшін (ҚР ӘҚбК-нің 334-бабының 1-бөлігі бойынша) 25 мыңнан астам әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ауа сапасын ластайтын басты факторлар қандай екенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар