Автомобиль жолдарын бұзатын жүк көліктеріне қандай шара қолданылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасының негізгі мақсаттары: жолдарда көлік бақылауын автоматтандыру; жолаушыларды және багажды тасымалдау сапасын арттыру; теміржол және теңіз көлігіне тексеру жүргізу тәртібін жетілдіру; көлік құралдарын қауіпсіз пайдалануды арттыру; азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеудің тиімділігін жақсарту; бюджеттік әуе компанияны және ұлттық әуе жүк тасымалдаушысын құру, сондай-ақ басымдыққа ие халықаралық әуе бағдарларын дамыту.

«Автомобиль көлігі саласына тоқталсақ, көлік құралдарын тексеру негіздерінің нақты тізбесін айқындау арқылы жолдардағы бақылау тәртібін өзгерту ұсынылады. Бұл көлік құралын тоқтатпай-ақ рұқсат беру құжаттарының бар немесе жоқтығын тексеруге, көлікті бақылау органдарының көлік құралдарын жаппай тоқтату тәжірибесінен бас тартуға мүмкіндік береді», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында қазақстандық тасымалдаушыларға шекараға жақын бір облыстың аумағында орналасқан елді мекендер арасында тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат беру ұсынылады. Бұл түзетуді қабылдау 126 халықаралық маршрут бойынша қосымша шекаралас облыстардағы 300-дей елді мекеннің жолаушыларын тұрақты тасымалдауға жол ашады.

«Бүгінгі таңда жолаушыларды таксимен тасымалдайтындар үшін клиенттердің тапсырыстарын реттейтін интернет-ресурстар баршылық. Осыған байланысты, заң жобасында көрсетілген онлайн-сервистердің қызметін заңнамалық деңгейде реттеу ұсынылады. Ол мобильді қосымшаларды тұрақты пайдаланатын заңсыз тасымалдаушыларды көлеңкеден шығаруға ықпал етеді», - деді министр.

Бұдан бөлек, техникалық байқаудан өту туралы жалған диагностикалық карталарды беру фактілерін болдырмау мақсатында көлік саласындағы уәкілетті органның мамандандырылған техникалық байқау бағдарламаларына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі құзыретін енгізу ұсынылады.

«Автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін бөлінбейтін және сұйық жүктерді тасымалдауды қоспағанда, габариттік және осьтік жүктемелер бойынша тиісті нормадан асып кеткен жүгі бар ірі көлемді және ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүріп өтуіне тыйым салу ұсынылады», - деді Роман Скляр.

Соңғы жаңалықтар