Автономды қазандықтардың 80 пайызы қыс мерзіміне дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елімізде 593 шақырым жылу беру желісін жөндеу жоспарланған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Автономды қазандықтардың 80 пайызы қыс мерзіміне дайын

«Өңірлерде инженерлік инфрақұрылымды жоспарлы жөндеу жалғасып жатыр. Жалпы ел бойынша 593 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланып, 382 шақырымы немесе жоспардың 64,4%-ы (алпыс төрт те төрт пайызы) іске асырылды. 4 өңір (Алматы (15,5%), Маңғыстау (21,3%), Қызылорда (47,9%), Абай облыстары (49,6%)) бойынша желілердің жөнделуі 50%-дан төмен орындалды», - деді І.Оспанов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, 10 өңірде жұмыстардың орындалуы 50- 75% аралығында. Ал 6 өңірде жөндеу 75 пайыздан жоғары деңгейде атқарылды.

«Автономды қазандықтар да алдағы жылыту маусымына дейін дайындық кезеңінен өтеді. Биыл 13 мыңнан астам автономды қазандықтарды қысқа дайындау қажет. Жұмыс 80,7% орындалды, 11 мыңға жуық қазандық дайындалды. Басқа өңірлермен салыстырғанда, жұмыстың төмен қарқыны Алматы (55,1%), Жамбыл облыстарында (67,3%) және Шымкент қаласында (73,9%) байқалды», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, алдағы жылу беру маусымына дайындығы төмен өңірлер аталды.