Автоөнеркәсіптегі дағдарыс Германияны тығырыққа тіреді

АСТАНА. KAZINFORM — Германияның автоөнеркәсіп алпауыттарының пайдасы 2009 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсті, деп хабарлайды BILD.

автоөнеркәсіп
Фото: BILD

Германияның автокөлік өнеркәсібі соңғы 15 жылдағы ең ауыр тоқсанды бастан өткеріп отыр. EY консалтингтік компаниясының талдауына сәйкес, шілде мен қыркүйек аралығында Volkswagen, BMW және Mercedes-Benz компанияларының операциялық пайдасы бірден 76%-ға құлдырап, шамамен 1,7 млрд еуро болды.

Бұл 2009 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Ал жалпы табыс пен сатылым көлемі салыстырмалы түрде тұрақты болып қалған. Ірі автокөлік өндірісі бар бірде-бір ел мұндай төмен нәтиже көрсеткен жоқ.

Ең ауыр соққы Қытай нарығына тиді. Ұзақ жыл бойы неміс автокөлік брендтерінің негізгі тірегі болып келген бұл елде сатылым 9%-ға төмендеді. Қытайдың жалпы сату құрылымындағы үлесі бұрынғы 39%-дан 29%-ға дейін қысқарды. Премиум сегменттегі модельдер нашар сатылып жатыр, ал электромобильдер нарығында тұтынушылар жергілікті өндірушілерді жиі таңдай бастады.

— Әлемдік автоөнеркәсіп терең дағдарыс кезеңінде тұр, алайда қазіргі таңда ең көп зардап шегіп отырған неміс автоконцерндері, — деп мәлімдеді BILD басылымына берген сұхбатында EY компаниясының автоөнеркәсіп жөніндегі сарапшысы Константин Галл.

Германияның өзінде Bosch, Mercedes және Volkswagen компаниялары қызметкерлерді қысқарту туралы жариялап үлгерді. EY сарапшылары мұндай қадамды ауыр, бірақ амалсыз шара деп бағалайды.

— Жұмыс орындарын қысқарту — ауыр шешім, алайда ұзақ мерзімді перспективада бұл компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, — деп түйіндеді Галл. 

Айта кетелік Германияда жаңа жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру қымбаттайтыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар