Авторлық қоғамдар композиторлардың құқығын бұзып отыр - депутат
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев авторлық қоғамдарға қатысты мәселені көтерді.

Айта кетейік, палатаның отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр.
- Елімізде 15 авторлық қоғам бар. Бірақ олар авторлардың құқығын өте қатты бұзып отыр. Мәселен, автордың шығармасы орындалады және сол үшін авторлық қоғамға ақша түседі. Осы ақшаның 70 пайызы аталған қоғамда қалса, 30 пайызы автордың өзіне барады. Нақты дерекке тоқталсақ, 2023 жылы ұжымдық авторлық басқару ұйымдарына елімізде 1 млрд 550 млн теңге түскен. Соның ішінде 439 млн теңгесі ғана авторларға барған, яғни үштен бір бөлігі. Дәл осы заңсыздықты қашан түзейсіздер? Өйткені, Шәмші Қалдаяқовтың 55 әнін орындағаны үшін авторлық қоғамдар үш айда композитордың ұрпағына 22 мың теңге төлеген, қазір ол сома 18 мың теңгеге түсіп кетті. Екіншіден, осы заңның 39-бабына қарасақ, фонограмманы эфирге бергендер және сол фонограмманы ретрансляция жасағандар енді фонограмманы жасаушылар мен орындаушыларға тағы сыйақы төлеу керек деп көрсетілген. Депутаттар фонограмманы жою керек деп күресіп отыр. Ал сіздер сыйақы төлеуді қамтығансыздар. Бұл қалай болғаны?! Осы тетік фонограмманы жасаушыларды одан әрі жасанды музыкаға итермелейді, - деді Н. Сәрсенғалиев.
Өз кезегінде Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бұл мәселе өте күрделі екенін растады.
- Осы мәселені шешу үшін екі қадам керек. Біріншіден, заңгерлік жағынан тиісті заңдарға өзгеріс енгізу керек. Екіншіден, ұйымдастыру жағын қамту қажет. Біз тиісті платформаны әзірлеп жатырмыз, оны күзге дейін даярлаймыз. Бүгін Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы толық қабылданып, Президент қол қойғанға дейін Әділет министрлігі ұйымдастыру жағын қамтамасыз етеді деп санаймын. Осы орайда аталған мәселеге қатысты тиісті шешім жасалады. Ал фонограмма мәселесіне тоқталсам, заң жобасын екінші оқылымға дейін жұмыс тобының отырысында пысықтауға мүмкіндік бар, - деді Әділет министр.
Еске салсақ, былтыр күзде Мәжілісте керативті индустрияны дамыту жөнінде өтіп жатқан жиында авторлық құқық саласындағы сарапшы Темірлан Төлегенов шығармашылық адамдары өз талантын ақшаға айналдыруға икемсіз екенін айтты.