Аяна Жолдас: екі отадан кейін қаңтар айында дайындықты бастадым
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері, фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының өкілі Аяна Жолдас жарыстан кейін өз өнерін бағалады. Бұл туралы Ұлттық Олимпиадалық комитет мәлімдеді.

Спортшының айтуынша, ол бір жыл бұрын екі мәрте ота жасатып, секіруді тек биылғы қаңтар айында бастаған.
- Бапкерімнің тапсырмасын толықтай орындауға тырыстым. Жылдамдық, бәрі жақсы болды. Бапкерім де маған көмектесіп отырды. Жарақатым туралы нақты айта алмаймын. Шамамен бір жыл бұрын тіземе екі мәрте ота жасатқан едім. Бірақ қаңтар айынан дайындықты бастап кеттім. Алғашқы жарысым АҚШ-та өтті. Алғашқы секіруде аяғымды ауыртып алған болатынмын. Қазір де аз ғана ауырсыну бар, алайда алдағы 1-2 күнде қалпыма келіп, медаль үшін күресемін деп үміттенемін, - деді спортшы.
Айта кетейік, Қазақстан спортшысы Аяна Жолдас Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан ІХ қысқы Азия ойындарында қола жүлде жеңіп алды.
Ябули тау шаңғы курортында өткен әйелдер арасында фристайл акробатика сынында 76.54 ұпай жинап, үшінші орыннан көрінді.
Қытайлық спортшылар алтын және күміс медальды өзара бөлісті.