Аяз ата мен Ақшақар: мереке кейіпкерлерін кәсіпке айналдырған жандар
АСТАНА. KAZINFORM — Олар үнемі ғажайыптардың ортасында жүреді. Президент телерадиокешеніннің Деректі кино орталығы дайындаған фильмнің кейіпкерлері, Аяз ата мен Ақшақар мамандықтың қыр-сырын бөлісіп, қызығы мен шыжығын айтып берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Жаңа жыл кейіпкеріне бастар жол
Рахат Қошжанов кішкентай кезінен өнерге жақын болды, өзі де шығармашыл ортада өсті.
Отбасылық ансамбльмен бірге еліміздің бірнеше өңірін аралап, байқауға қатысты, мәдени шарада өнер көрсетті.
— Менің арманым эстрада жұлдызы болу еді. Өзім бес жастан бастап ұрмалы аспапта ойнадым. Кейін әскер қатарына шақырылып, колледжге оқуға түстім. Сол кезде цирк жетекшісі «сен эстрада бөліміне бар, актерлік шеберлікті таңдасаң тіпті жақсы» деп айтты, — деп еске алды кейіпкеріміз.

Кейін ол театрға жұмысқа орналасты. Рахат Қошжанов арада шамамен бес жыл өткенде Аяз Ата кейпіне енді, сахнаға шықты.
Содан бері ол әр Жаңа жыл мерекесі сайын Аяз Ата рөлін сомдайды. Әр жылы балалардан қуат алып, оларға үміт, қуаныш сыйлайды.
— Олар риясыз сенеді, мәз болады, күледі. Сол кезде қуаныш сыйлай алған өзіме риза боламын. Таза, жарқын жандардың жанында жүріп, жаңа бір әлемге енгендей күй кешесің. Олардың жанынан үнемі күліп, қуанып шығамын, — деді ол.

Ал Екатерина Дмитерчук жыл сайын Ақшақардың кейпіне енеді. «Буратино» қуыршақтар стуциясында жүргенде-ақ театр өнеріне қызықты, терең бойлады.
Сөйтіп өзі қалаған мамандыққа қадам басты. Сахна тілін меңгеріп, актерлік шеберлігін шыңдады. Театр әлемі бүгінде өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналды.

— Бірде мектепте драма үйірмесі ашылды. Ал мен экономика саласын таңдадым. Колледжді бітірген соң шығармашылық байқауға қатысып, театр қойылымдарында өнер көрсеттім, бір топта оқыған достарымды біріктіріп, оларды да сахнаға шығуға үгіттедім, — деді ол.
Сергей Путре өмір бойы, 44 жыл КамАЗ жүргізушісі болды. Кейін зейнеткерлік демалысқа шықты. Бір күні оның жанынан өтіп бара жатқан бейтаныс адам сақалын көріп, Аяз Ата болуды ұсынады.
— Мен көрейік деп, осында келдім. Келдім, келісім жүргіздік, жұмысқа қосылдым. Мен осы кейіпке ендім, осы рөлде өмір сүремін. Себебі мені қалада көбі таниды. Мәселен мен жазда дүкенге кірдім. Сол кезде екі кішкентай қыз: «Санта!» деп жүгіріп келді. Қалай құшақтамай тұра аласың? — деп қызықты сәтті бөлісті Сергей Путре.

Аяз Ата болу оңай ма?
Әлем өзгеріп жатыр, кереметтерге деген көзқарас та бұрынғыдай емес. Интернеттен бәрін көріп, біліп отыр балалар. Алайда кейіпкерлеріміз жыл өткен сайын жаңа кейіпке еніп, балаларға сенім мен жаңажылдық әдемі ертегі сыйлай біледі.
— Режиссерлер мен актерлер дайындалады, көп еңбектенеді. Кішкентай балаларды сендіріп, әлі де қуаныш сыйлап жүрміз. Ал ес білгенді таң қалдыру қиын. Олар бәрін көріп, біліп алған және шынайы қабылдай қоймайды, — деді Рахат Кошжанов.

Сергея Путренің айтуынша, туа бітті сал ауруы бар ерекше балаларға тыңғылықты дайындық керек.
— Оларға ерекше назар аудару керек. Әр баланың сеніміне кіріп, сөйлесіп, көңіл бөлеміз. Ерекше балалардың көз жанарынан қуаныш табын көрсек, біз де марқайып қаламыз, — деді кейіпкеріміз.

Балалар көзіндегі қуаныш — баға жетпес сый
Кейіпкерлеріміздің әрқайсысы өз жұмысын жақсы көреді, балалар бойындағы қуанышты сезеді. Жаңа жылда Аяз Ата мен Ақшақар мереке сыйлап, сиқырға бөлейді.
— Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүрді сақтаған ата-аналарға алғыс айтамыз. Солардың арқасында ғажайыптар толастаған емес. Аяз Ата мен Ақшақар Жаңа жыл сайын үйге еніп, керемет көңіл күй мен ұмытылмас ертегі сыйлайды, — деді Екатерина Дмитерчук.

Оның айтуынша, шапан мен тәжді киген сәттен-ақ ерекше сезімге бөленеді. Тіпті дайындық кезінде де бар киімін киіп алады. Бұл образға еніп, шынайы болуға мүмкіндік береді.
— Сиқырлы киім рөлге енуге көмектеседі. Жаңа жылда алдыңа келген кішкентай балалардың ғажайыпқа сенетінін түсінесің. Олар күтеді және көңілі ақ, ойы таза балаларға шын кейілмен қуаныш сыйлайсың. Ал өзгесінің бәрі есіктің артында қалады, — деді ол.

Үш кейіпкеріміз үшін де бұл жай мамандық емес, адамдарға қуаныш сыйлайтын, оларды ғажайыпқа сендіріп, әдемі естеліктер қалдыратын өмірдің бір бөлшегі.