Айбек Оралбай қарсыласын жеңіп, Олимпиада лицензиясына бір табан жақындады
БУСТО-АРСИЦИО. KAZINFORM — Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирдің 1/8 финалында қазақстандық боксшы Айбек Оралбай сенімді жеңіске жетті.

Ол Эквадордан келген Хулио Сесар Кастильо Торрестен басым түсті.
35 жастағы эквадорлық Хулио Кастильо — 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Үш Олимпиадаға қатысқан.
Айбек Оралбай қарсыласының мықты тұстарына күшті тойтарыс беріп, рингте сауатты әрекет етті. Есеп 5:0 болды.
Төрешілердің бірауыздан шешімімен қазақстандық боксшы жеңіске жетті.
Осылайша, Айбек 1/4 финалға жолдама алып, лицензияға бір табан жақындады.
Париж Олимпиадасына жолдама алу үшін Айбек Оралбай енді америкалық Джамар Таллиді жеңуге тиіс.
23 жастағы Айбек Оралбай — Азия чемпионы, сондай-ақ Жасөспірімдер олимпиадасында жеңіске жетіп, әлем чемпионатының финалына дейін жеткен.