Айдар Садырбаев «AMANAT»-тың Абай облыстық филиалына төраға болып сайланды
СЕМЕЙ. KAZINFORM — «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының кезектен тыс XІ конференциясы өтті. Жиынның басында ашық дауыс беру арқылы облыстық филиалдың жаңа төрағасы лауазымына Айдар Садырбаев сайланды.

Іс-шараға «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, партияның облыстық филиалының мүшелері, партияның аумақтық филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері, мәслихаттардағы фракция жетекшілері және «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.

Жиын барысында Абай облыстық депутаттық фракциясының жетекшісі Жанаева Шағангүл Алдамжарқызының 2024 жылғы арналған атқарылған жұмыстары мен 2025 жылға алдағы міндеттері туралы баяндамасы тыңдалды.
Партияның Хатшысы Ержан Жылқыбаев талап-тілектердің орындалуына тұрақты және сапалы мониторинг жүргізіп, бұл мәселені партия филиалының Саяси кеңесі Бюросының қарауына шығарып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде орындалған талап-тілектердің оң шешілген кейстерін белсенді түрде ілгерілету керектігін атап өтті.
«AMANAT» партиясының 11 мәслихат депутатының депутаттық міндетін жүйелі түрде орындамағаны үшін мандаттары қайтарылды.

— Барлық деңгейдегі мәслихаттардағы басым орын да бізге тиесілі екенін жақсы білесіздер. Қоғам бізден әділдік пен жауапкершілік күтеді. Сондықтан біз халық сенімін ақтамаған, өз міндетіне немқұрайлы қараған бірқатар мәслихат депутаттарының қызметіне әділ бағасын бердік. Нақты айтқанда, депутаттық міндетін жүйелі түрде орындамаған 11 депутаттың мандаты қайтарылды, 26 маслихат депутатына «сөгіс» жарияланды. Бұл — тек жазалау емес, жауапкершілікті арттыруға бағытталған қадам, — деді ол.
«Жер аманаты» жобасы іске қосылып, 2,5 жыл ішінде 13,1 млн гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды.

— Абай облысы бойынша «Жер Аманаты» комиссиясы өткен жылы 550 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Мұнда ескерілуі тиіс тағы бір мәселе бар. Жерді қайтарамыз деп оны адал еңбегімен игеріп отырған шаруаларға қиянат та, қысым да жасалмауы тиіс. Мұны қатаң қадағалаймыз. Сонымен қатар, жер, жайылым мәселелерін реттеу үшін Мәжіліс тарапынан бірқатар маңызды заң қабылданғанын білесіздер. Мәслихаттар жергілікті жерлерде осы заңның орындалуын бақылауда ұстауы керек, — деді Ержан Жылқыбаев.
Сонымен қатар, партияның іске асып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруда маңызды рөл атқарып, екі жыл ішінде 850 мың азамат жоба аясында оқудан өткендігі де мәлімделді. Абай облысы бойынша 9 мыңға жуық адам оқудан өтті. Аталған саладағы түйткілдерді реттеу үшін Парламенттік тыңдаулар өткізіліп, тиісті заңдардың қабылданғандығын да айтып өтті Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев.