Айдарбек Қожаназаров: Үкімет былтыр дұрыс жоспарласа, биыл картоп қымбаттамайтын еді

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров елде картоп бағасының күрт өсуін Үкіметтің былтырғы қателіктерімен байланыстырады.

Айдарбек Асанұлы ҚОЖАНАЗАРОВ
Фото: instagram.com/a1darbek/

Саланы мемлекеттік қолдау мәселесіне арналған жиыннан кейін журналист сауалына берген жауабында депутат осындай ой айтты.

— Былтыр біз картоп экспортына шектеу қойғандықтан, 2024 жылы шаруалар картоп егуді 30-40 пайызға дейін қысқартып тастады. Сол себептен күзде қазып алған өнімнің мөлшері үйреншікті мөлшерге жетпей қалды. Сондықтан сұраныс мөлшері қолда бар картоптың мөлшеріне қарағанда едәуір көп. Мұның аты — дефицит. Сол себептен картоп бағасы өсіп отыр, — дейді Айдарбек Қожаназаров.

Депутат сауатты жоспар болғанда биыл картоп бұлайша қымбаттамайтын еді деп есептейді. 

— Бұл жерде мәселе жоспардың жоқтығында. Неге сол кезде шектеу қойды. Себебі ұзақ мерзімге арналған көзқарас, жоспарлау жоқ. Ендігі жылы қанша егеміз, ішкі қажеттілікті толыққанды қамтамасыз ете алмай қалып жүрмейміз бе дегенді ойласа, бұлай болмаушы еді, — деді ол.

Айдарбек Қожаназаров Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрліктері баға саясатын ойлағанда шаруалардың жағдайын, шаруалардың жағдайын ойлағанда баға саясатын ұмытып кетеді деп есептейді.

— Теңгерімді жоспар болу керек. Жоспар болмаса, келер жылы не болатынын болжау да қиын. Бұл жолғы экспортқа қойылған шектеу ертең нарыққа қалай әсер ететінін де ведомстволардың нақты жоспары жоқ болғандықтан түсіну қиын. Биыл баға біраз өсті. Бұл шаруаларға «тағы бір жыл егіп көрейік» деген ынта туғызуы мүмкін. Яғни, биыл еккен мөлшерді кішкене ұлғайтады. Сондықтан келер жылы баға орташа деңгейге түседі деп ойлаймын, — дейді Мәжіліс депутаты.

Еске салсақ, апта бұрын елде картоп бағасы 59 пайыз өсіп, оны өзге елдерге экспорттауға 6 айға шектеу қойылған еді

Соңғы жаңалықтар