Картоп экспорты шектелді: Шаруалар өнімін қайда сата алады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде картопты өзге елдерге экспорттауға 6 айға шектеу қойылды. ҚР Ауыл шаруашылығы Егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепова экспорттаушы шаруалардың өнімін ішкі нарыққа сату керегін айтуда. 

картоп
Фото: pixabay.com

− Қазақстан бойынша 2,9 млн тонна картоп өндірілген, тіпті биыл 31% артығымен өнімділік байқалған. Бұл тыңайтқыштар, өсімдік қорғау құралдары, тұқымдарға берілген субсидияның да арқасы. Ішкі нарықта шамамен 2 млн тонна тұтынылса, экспорттық әлеуетіміз де бар, - деді Н. Хатепова Үкімет кулуарында.

Оның айтуынша, қазір ірі өндіруші кәсіпорындарда 600 мың тоннадан артық картоп, тұрақтандыру қорларында – 60 мың тоннадан астам картоп бар.

Ал ай сайынғы қажеттілік – 168 мың тонна, бұл көлем мамыр айына дейін жеткілікті.

− Әрине, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өз тауарын жақсы бағамен экспортқа сатқаны жақсы. Себебі олардың өзіндік шығыны да жылдан-жылға өсіп келеді. Алайда біздің Үкіметтің алдындағы басты мәселе – ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз ету. Бұл форс-мажор жағдайы болып саналады. Заңды түрде ішкі нарықта азық-түлік қаупісіздігі мәселесі туындаса, баға күрт қымбаттаса – біз кедендік шараларын жүргізуге құқылымыз. Шаруалар ішкі нарыққа да жақсы бағамен сатып, өнімін өткізе алады. Сұраныс өте жоғары. Егер қиындықтар болып жатса, біз Сауда министрлігімен бірлесіп, келісімшарт жасауына көмектесеміз, - дейді АШМ өкілі.

Бұған дейін Назгүл Хатепова елдегі картоп бағасы алдағы 2-3 күнде тұрақтанатынын айтқан еді. 

Еске сала кетсек, Ақтөбеде картоп бағасы бірден 100 теңгеге қымбаттап кетті.

Ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды.

Ал, ауыл шаруашылығы министрлігі картоп қоры ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін мәлімдеген болатын.

Соңғы жаңалықтар