Картоп бағасы алдағы 2-3 күнде тұрақтанады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ауыл шаруашылығы Егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепова Үкіметте картоп бағасының кенеттен қымбаттауы жөнінде пікір білдірді.

− Бағаның көтерілуі немесе түсуі тенденциясы тұрақты бақылауда. Соңғы үш күннің өзінде бағаның төмендеу фактілерін көріп отырмыз. Астана бойынша картоп кеше 433 теңге болса, бүгін 280 теңге. Магнум мен көтерме сауда орталықтарындағы жедел ақпарат та бізде бар. Алдағы 2-3 күнде бұл Қазақстан бойынша бағаға әсер етіп, келесі аптада тұрақты баға орнайды деп сенеміз, − деді Н. Хатепова Үкімет кулуарында.
Бұл ретте картоптың шаруалардан сатып алынатын өзіндік құны – 170-180 теңге.
− Сыртқы нарықта картопқа сұраныс өте жоғары. Бұл бір жағынан ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін жақсы. Өйткені өз өнімдерін тиімді бағада сата алады. Алайда баға ішкі факторға әсерін тигізіп отыр. Яғни сыртқы нарықта жоғары сұраныс болғандықтан ішкі бағада көтеріліп кетті. Бұл мәселені тұрақтандыру үшін картоп экспортына тыйым салынды, - деп түсіндірді Н. Хатепова.
Еске сала кетсек, Ақтөбеде картоп бағасы бірден 100 теңгеге қымбаттап кетті.
Ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды.
Ал, ауыл шаруашылығы министрлігі картоп қоры ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін мәлімдеген болатын.