Айдарбек Сапаров бастырылған астық сапасын айтты

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы форвардтық сатып алуды уақытылы бастау үшін әкімдер шаруашылықтардың «Азық-түлік корпорациясы» алдындағы міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуі қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Айдарбек Сапаров
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- Жаңа астықтың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктермен бірлесіп элеваторлық қуаттарды босату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Республика бойынша астық сақтау көлемі – 30,7 млн тонна. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа астықтан 3,1 млн тонна астық келіп түсті. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2 есе артық. Сақтауға түскен жұмсақ бидай көлемінің 60 пайызы жоғарғы сыныпқа, 28 пайызы төртінші сыныпқа, 12 пайызы бесінші сыныпқа және сыныпсыз бидайға жатқызылды, - деді ол.

Министрдің айтуынша, форвардтық сатып алу бағдарламасы тиімділігін көрсетіп жатыр. Ол келер егіннің кепілді өткізілуін қамтамасыз етеді.

- 2026 жылғы форвардтық сатып алуды уақытылы бастау үшін әкімдерден шаруашылықтардың «Азық-түлік корпорациясы» алдындағы міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуді сұраймыз. Әкімдіктерге қазір егін жинауды уақытында аяқтап, әрбір қолайлы күнді барынша тиімді пайдалану маңызды. Сонымен қатар жаңа егін астығын элеваторларда үздіксіз қабылдап, тиісті сақтау жағдайларын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтемін. 2026 жылғы егінге тұқымды толтыруға ерекше назар аудару керек, - деді ол.

Айта кетейік, биыл болжам бойынша 24 млн тонна астық бастырылады.

Соңғы жаңалықтар