Айдарбек Сапаров: Дәнді дақылдар өндірісінің көлемі ішкі қажеттіліктен 6 есе жоғары
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі нарық негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

- Негізгі азық-түлік тауарларымен толықтай қамтып отырмыз. Осы жылдың 8 айында тамақ өнімдерін өндіру 10,1 пайызға артып, 2,5 трлн теңгені құрады. Бидай егістігі өнімділіктің артуы есебінен жалпы өнім былтырғы деңгейде күтілуде. Күріштің жалпы өнімі өткен жылдың деңгейінде немесе 500 мың тоннадан аспақ. Бұл ішкі сұранысты толық жабуға және экспортты сақтауға мүмкіндік береді. Қарақұмық өндірісі шамамен 90 мың тоннаны құрайды. Бұл өнімділіктің артуы есебінен халық қажеттілігінен асып түседі, - деді ол.
Министрдің атап өтуінше, дәнді дақылдар өндірісінің көлемі ішкі қажеттіліктен 6 есе жоғары. Бұл нарықты қайта өңделген өнімдерімен толық қамтамасыз етуге кепілдік береді. Сондай-ақ, майлы дақылдар 4 млн тонна, оның ішінде күнбағыстың шамамен 2 млн тонна өнімі күтіледі. Бұл нарықты май-тоңмай өнімдерімен толық қамтуға жеткілікті.
- Картопқа келетін болсақ, 2,7 млн тонна көлемінде жинау болжануда. Оның 1,8 млн тоннасынан астамы жиналды. Фермерлерде құны келісіне 90-120 теңгені құрайды. Сондай-ақ, 700 мың тоннадан астам пияз жиналды. Келісі 50-60 теңгеден сатылады. Фермерлерде 300 мың тонна көлемінде қор қалыптастырылды. 300 мың тонна сәбіз жиналды. Фермерлерде біркелісі 85-95 теңгеден болатын шамамен 100 мың тонна сәбіз бар, - деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, биыл болжам бойынша 24 млн тонна астық бастырылады.