11:22, 20 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Айдарлы ауылында кілем тоқу цехы ашылды - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 20-сы. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Айдарлы ауылында кілем тоқу цехының ашылуына арналған тұсаукесер болып өтті.

Бұл жобаны ауыл тұрғыны Роза Әлібатырова ұсынды. Бұл ретте оның «Кілем тоқу қолөнер шеберлігін жастарға үйрету» жобасына көпшілік қызығушылық пен қолдау білдірді. Соның арқасында биылғы ақпан айында облыстық әкімдік пен «Азаматтық Альянс» қауымдастығы, сондай-ақ «Игілік» корпоративті қоры арасындағы меморандум аясында жобаны қолдауға 2 млн. 65 мың теңге қаржы бөлінді. Жобаны жүзеге асыруға «Әлеуметтік коммуникациялық жастар клубы» жастар қоғамдық бірлестігі бастамашы болды.
Қазір жаңадан ашылған цехта 9 адам еңбек етеді. Жаңа құрылым өрісін кеңейту мақсатында өзінің филиалдарын көршілес Махамбетов және Қоғалыкөл ауылдарында да ашып отыр.