Айдың толық тұтылуы: Жер серігі Азияда, Еуропада және АҚШ-та қызғылт түске енеді
АСТАНА. KAZINFORM — 3 наурыз күні әлем Айдың толық тұтылуына куә болады. Бұл кезде Ай қызғылт-сары реңкке боялып, «қанды Ай» деп аталатын құбылыс байқалады, деп хабарлайды AP.
Бұл құбылыс Солтүстік және Орталық Америкада, сондай-ақ Оңтүстік Американың батыс бөлігінде таңертең көрінеді, ал Аустралия мен Шығыс Азияда кешкі уақытта байқалады. Тұтылудың жартылай кезеңдерін Орталық Азия мен Оңтүстік Американың басым бөлігінде көруге болады, ал Еуропа мен Африка аумағында бұл құбылыс көрінбейді.
Толық Ай тұтылуы Жер Күн мен толық Айдың арасына орналасып, өзінің көлеңкесін Айға түсірген кезде болады. Айдың қызыл түске енуі Жер атмосферасында Күн сәулелерінің сынуы салдарынан пайда болады.
«Қанды Айды» ашық аспан жағдайында жай көзбен көруге болады. Астроном Беннет Марука Айдың біртіндеп көлеңкеленіп, қызыл реңкке боялуын көру үшін сыртқа бірнеше рет шығып бақылауға кеңес береді.
Келесі жартылай Ай тұтылуы осы жылдың тамыз айында күтіледі және оны Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Еуропада, Африкада және Батыс Азияда көруге болады.
Айта кетейік, толық Ай тұтылуы шамамен әр 18 ай сайын болып тұрады. Сарапшылардың пікірінше, тұтылуға дейінгі және одан кейінгі бір апта жеткілікті деңгейде шиеленісті кезең саналады, бұл уақытта маңызды іс-шараларды жоспарламаған жөн. Ірі мәмілелер жасауды да ұсынбайды. Геосаяси тұрғыдан алғанда, қақтығыстар мен әскери әрекеттердің ушығуы мүмкін.
Айта кетейік, былтыр қыркүйекте қазақстандықтар Айдың ең ұзақ, толық тұтылуына куә болды. Бірегей табиғат құбылысы қыркүйектің 8-іне қараған түні аяқталды.