Айдос Сарым қазақ филологтарының үлкен конгресін өткізуді ұсынды
«Қазақ емлесін, орфографиясын қазақ ғалымдарынан артық ешкім жасай алмайды. Менің ұсынысым, қазақ филологтарының басын қосып, үлкен конгресс өткізіп, пікірлерін ескеру керек. Әліпбиге көшу ұлттық тұтасудың, үлкен консенсустың өзегі болуы қажет. Ол үшін сөзсіз ғылымға негізделуі керек», - деді Айдос Сарым.
Оның айтуынша, әліпби халыққа жасалып жатқандықтан халықтың да пікірін сұраған жөн.
«Өткенде де айттық, бұл мәселеге жалпы ғалымдарымыз дайын сияқты. Үлкен-кішіге жазғызып, сызғызып, заманауи технология: ұялы телефон, компьютерде теріп көріп, қай әріпті жазғанда қандай қиындықтар туындайды, жазылуы қалай болады соны зерттеу қажет. Екінші жағы бар, әліпбиді компьютерге негіздеу мәселесі. Оны да қарау керек. Осы ғылыми зерттеу жұмыстары мен заңның қабылдануын бір уақытта жасап шығуға болады. Сол лингвистикалық ғылыми эксперимент болашақ заңның қабылдануына негіз болса дейміз. Мен өзім бірқатар зерттеулерді қарап шықтым», - деген Айдос Сарым шет тілінен енетін терминдердің жазылуына мән беру қажеттігін де көтерді.
«Латынды енгізудің алғашқы дайындық жылдары қазақ тілінің емлесін, орфоэпиялық, орфографиялық сөздіктерін жасау қажет. Енді бір мәселе, болашақта, терминдерді қай тіл арқылы енгізіп, қолданатын боламыз? Түрік тіліне мысалы, кезінде француз тілінің ықпалы көп болған. Әлі күнге дейін түріктің тілінде терминдердің француз тіліндегі нұсқасы басымырақ. Ал, біз қандай тілдегі нұсқасын негізге алуымыз керек? Бүгінгі күні әлемдік ғылымды, білімді жасаушы ағылшын тілі десек, болашақта қабылданатын терминдер, заманауи терминдерді ең алдымен негізгі өндірушінің тіліне жақын етеміз бе? Онда біз болашақта «Рухани модернизейшн», «Қазан революшн» деген сияқты жазамыз. Бұл әліпбиді қабылдау жұмысының 3-4 пайызы деп есептесек, негізгі жұмысы қазақ ғалымдарына қатысты», - деді Айдос Сарым.
Бүгінгі Қоғамдық кеңес модераторы Рахман Алшанов жиында айтылған ұсыныстар Ұлттық комиссияға ұсыныс ретінде жолданатынын жеткізді.