23:32, 13 Қыркүйек 2022 | GMT +5
Айдос Сұлтанғали әлем чемпионатынан алған қола жүлдесіне пікір білдірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында грек-рим күресінен қола медаль алған Айдос Сұлтанғали алған жүлдесіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, ол 3-орын үшін сайыста венгриялық Кристиан Кечкеметиді 7:1 есебімен жеңді.
«Күресті енді бастаған жылдарда әлемдік додаларда жүлде алуды алдыма мақсат етіп қойдым. Әзірге қола медальға қанағат етеміз. Алдыма қойған межем - чемпион атану. Енді алтын медаль үшін тынбай тер төгемін», - деді ол журналистерге берген сұхбатында.
Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген.
Бұған дейін 2018 жылы Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында да қола жүлде алған еді.
Айдос Сұлтанғалидің қола жүлдесінен кейін ел құрамасы медальдар кестесінде 13-орынға жайғасты.