Айдос Сұлтанғали Олимпиада жолдамасын жеңіп алды

Айдос Сұлтанғали
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан лицензиялық турнирде грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали Олимпиада жолдамасын жеңіп алды.

Атап айтсақ, әлем чемпионатының 2 мәрте қола жүлдегері 60 келідегі Айдос Сұлтанғали жартылай финалда Тайпей өкілі, Азия чемпионатының қола жүлдегері Жуи Чи Хуангтан басым түсті.

Сұлтанғали ширек финалда Тәжікстан өкілі Асламджон Азизовтан 2:1 есебімен басым түскен еді.

Осылайша Айдос Сұлтанғали Қазақстан қоржынына 44-ші жолдаманы сыйлады.

Осыған дейін Оңтүстік Кореяның Чунджу қаласында академиялық ескек есуден өтіп жатқан Азия құрлығының лицензиялық жарысында Владислав Яковлев жекелей сында топ жарып, Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына 43 жолдаманы жеңіп алды.

Енді 67 келідегі Мейіржан Шермаханбет, 77 келі салмақтағы ұлттық құраманың тәжірибелі балуаны, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев, және аса ауыр салмақтағы (130 келі) Әлімхан Сыздықов Олимпиада жолдамасына таласады. 

Өкінішке қарай, 97 келі салмақтағы Олжас Сырлыбай алғашқы айналымда Жапония спортшысы Юри Наказатадан 1:2 есебімен есе жіберіп, жарысты ерте аяқтады.

Соңғы жаңалықтар