Айдын Айымбетов ғарышқа ХҒС-ына екінші бортинженер ретінде ұшады
Ол бұдан бұрын болжанғандай, «ғарыш ұшырылымының қатысушысы» ретінде емес, оның станса бортындағы миссиясы небәрі 10 күнге созылатынына қарамастан, «2-ші бортинженер» ретінде ұшатын болды, деп «Московский комсомолец» газетінің мәліметінен үзінді келтіреді Қазғарыш баспасөз қызметі. «Мәскеуде Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев пен Ресейғарыш басшысы Игорь Комаровтың кездесуі кезінде қазақстандық ғарышкердің мәртебесін өзгерту мәселесі шынымен де талқыланған», - деп растады ҚР ИДМ Аэроғарыш комитетінде. Келіссөздер нәтижесінде оң шешім қабылданды, себебі Айдын Айымбетов - кәсіби ұшқыш. 2003-2005 жылдары ол Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындайтын Ресей мемлекеттік ғылыми-зерттеу сынақ орталығында жалпы ғарыштық дайындықтан өткен. Содан кейін оған «сынақшы-ғарышкер» атағы берілген. 2008 жылғы тамызда ол «Союз ТМА» көліктік басқарылатын кеме мен ресейлік ХҒС сегменті бойынша мамандану және жетілдіру тобының құрамында арнайы дайындықтан өткен. 2015 жылғы мамырдың соңында А.Айымбетов Гагарин атындағы ҒДО дайындығын қайта бастады. Осы жылғы 20-27 маусым аралығында ол америкалық ХҒС сегментін зерделеу мақсатында Хьюстонда (АҚШ) Джонсон атындағы НАСА Ғарыш орталығына барып қайтты. Қазір Қазғарыш Ресейғарышқа қазақстандық ғарышкердің ХҒС-ға ұшуы уақытындағы ҚР ғылыми зерттеулері мен тәжірибелері бағдарламасына ұсыныс жберді. Негізгі міндеттемелерден басқа, енді ғарыш кемесінің, ХҒС-ның бортинженері ретінде Айдын Айымбетов қазақстандық ғарыш бағдарламасы бойынша бірқатар эксперименттер орындайтын болады. Құрамында экипаж командирі Сергей Волков (Ресейғарыш), Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавты, 1-бортинженер Андреас Могенсен, 2-бортинженер Айдын Айымбетов (Қазақстан Республикасы) бар экипажбен «Союз ТМА-18М» көліктік басқарылатын кемені Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыру 2015 жылғы 1 қыркүйекке жоспарланған.