Айдын Айымбетов ғарыштағы салмақсыздық жағдайындағы әсерімен бөлісті

«Ғарыш кемесі бірінші ғарыштық жылдамдыққа шыққан кезде, салмақсыздық басталады. Осы сәтте ғажайып көріністерге куә боласыздар, яғни кеме стерильді тазартылған болса да шаң-тозаңның түйіршіктері, ұсақ-түйек заттар әуеде қалқып кетеді. Осындай сәттерде және ғарыштағы басқа да көріністерден кейін ерекше сезімге бөленесің», - дейді ғарышкер.
Оның сөзіне қарағанда, салмақсыздық жағдайына адам ағзасы бірнеше сағаттан кейін бейімделеді.
«Айта кетер жайт, осындай кезде өзіңді айтарлықтай жағымды сезінбейсің, яғни ағзаның бейімделу үдерісі жүріп жатады. Кеме түрлі азық-түліктер, ғылыми жабдықтармен толтырылғандықтан, онда бос орын тым аз болады. Ғарышқа сапардағы осы екі тәулікте таршылықта боласың», - деп баяндады А. Айымбетов.
Осы орайда ол Халықаралық ғарыш стансасына ұшып келгеннен кейін адам жеңілдікті сезінетінін жеткізді. «Өтпелі есіктер ашылу кезінде біз стансаға ұшып келдік. Осы сәтте адамның қолымен жасалған кең құрылысты көріп іштей мақтаныш сезіміне бөленесің», - дейді ғарышкер.
А. Айымбетов стансадағы біраз уақыттан кейін Жерге асыққанын, яғни аяғымен жердің кеңдігін сезінгісі келгенін айтып берді.
Еске сала кетейік, қазақстандық ғарышкер Халықаралық ғарыш стансасына 2015 жылдың 2 қыркүйегінде ұшты. Ол «Союз ТМА-18М» зымыранының борт-инженері қызметін атқарды. Сонымен қатар ғарышта Қазақстанның ғылыми зерттеулерін жүргізген болатын.
Қазақстандықтың ғарышта өткізген уақыты - 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секунд.
Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Ақанұлы Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі - Алтын Жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды.