Айдын Айымбетов: Марсты бағындырғым келеді

Павлодар облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармасында өткен кездесу «Жұлдыздарға - жол» тақырыбын арқау етті. Жиын барысында павлодарлық оқушылар Айдын Ақанұлына сауалдарын жолдап, естелікке суретке де түсті. Ұл-қыздар «Ғарышкер атану үшін не істеу керек?», «Арманыңыз не?», тіпті, «Ғарышта қалай тамақтандыңыз?» сияқты қызықты сауалдарын қойды. - 1989 жылы Талдықорған қаласында мектепті өте жақсы бағамен тәмамдап Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесіне оқуға түстім. Кейін еліміздің қорғаныс саласында жұмысқа кірістім. Бастапқыда Жамбыл облысы Луговой стансасындағы №64207 әскери бөліміне ұшқыш болып бардым. Содан кейін Талдықорғанға қызмет бабымен ауыстым. Талай ұшақтармен көкті шарлап, білімімді кеңейттім. Міне, өмірімнің осы баспалдақтары мені басты арманымның орындалуына күнбе-күн жақындата түсті, - дейді А. Айымбетов.
Кездесу барысында «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Вервекин Мексикадан табылған көне астероидті көрсетіп, қолтаңбасын алды.
Еске сала кетсек, Айдын Айымбетов 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі аралығында «Союз ТМА-18М» кемесінің екінші бортинженері ретінде ғарышқа ұшты. А. Айымбетовтің ғарышқа өткізген уақыты 9 тәулік 20 сағат 13 минутты құрады.
- Ғарышкер болу - өмірлік арманым. Менің балалық шағымда кеңес дәуірінің барлық балалары ғарышкер болуды мұрат етті. Мен де солардың қатарында болдым. Ғарыш әлемімен мені алғаш рет әкем Ақан таныстырды. Бірде әкеммен шөп шабуға бардық. Шүйгін шөптің үстінде жатып, әкем екеуміз түнгі аспан әлемін тамашаладық. Дәл осы сәтте көкейімде «Көкке ұшсам» деген арман туды. Жұлдыздарды жақыннан көргім келді. Сол үшін химия, физика, математика пәндерін меңгеруді қолға алдым, - дейді ғарышкер. Мейман болашақта Марс планетасын бағындырғысы келетінін де жеткізді. - Бұл - «өмір» белдеуінде орналасқан төртінші планета. Адамзат білмейтін құпиясы мол. Ғарыштық теориялардың бірінде марстықтар Жерге ұшып баруы мүмкін деген болжам бар. Бүгінде аталмыш планетада органикалық іздердің бары анықталғаны мәлім. Өздеріңіз білетіндей, Марстың суреттерінде ұзындығы жүздеген шақырым, көлденеңнен 30-40 шақырым болатын алып жыра көрініс табады. Бұл да - планетаға қандай да бір «қонақтың» келгенін болжайтын теориялардың бірі. Жалпы, бұл алып Марстың құпияларын ашсам деймін, - дейді А. Айымбетов.