Әйелді ұрып-соққан еркек әділ жазасын алуы шарт – Жарылқасын Әзіретбергенов

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершіліктің қатаңдатылғандығын айтып, еркектерге ескерту жасады.

Әзіретбергенов
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Түркістан облысындағы ақсақалдар алқасы отбасы құндылықтарын сақтау ісін бұрыннан насихаттап келеді. Қаншама жас отбасылардың ажырасуларына жол бермей, сақтап қалған кездері көп. Тіпті, бұл бағытта бір жылдың ішінде қарияларға кеңес сұрап келген жүздеген жағдайлар кездесіпті. Баршасына ақсақалдар ақылын айтып, кеңесін берген. Бұл туралы қоғамдық ұйымның тәжірибесімен бөліскен Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов айтып берді. 

«Біз көптеген әйелдің жесір, баланың жетім қалуына жол бермедік. Яғни, екі жаққа кетуге шақ қалған отбасыларды сақтап қалдық» — дейді қария.

Жарылқасын Әзіретбергенов үйінде ыдыс-аяғы сылдырлаған отбасылар ендігі жерде ақсақалдарға емес, полицияға жүгінетін болады деген пікірде.

«Президент бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Енді күйеуінен таяқ жеп, отбасы зорлық зомбылығын көрген келіншектер бірден полицяға жүгінетін болады. Әрине, бұл дұрыс. Әйелге әлімжеттік көрсетіп, ұрып-соққан еркек әділ жазасын алуы шарт» — дейді ақсақал. 

Сондай-ақ, әйел — ана, ал ананы ұруға болмайтындығын айтқан Жарылқасын Әзіретбергенов әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершіліктің қатаңдатылғандығын айтып, еркектерге ескерту жасады.

«Жалпы бір жағынан бұл заң бізге ертерек келді ме деп те ойлаймын. Себебі, қазіргі кезде қоғамдағы көптеген адамдардың менталитеті бұл үрдіске дайын болмауы да мүмкін. Заңға сәйкес денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Мұны әрбір еркек білуі тиіс» — деді ол.

Қазақ ешқашан жесірі мен жетімін жылатпағандығын айтқан Жарылқасын Әзіретбергенов қалай болған күнде де отбасын сақтап қалу керектігін жеткізді.

«Ажырасу былай тұрсын, бұрын күйеуі қайтса, жесірін жерде қалдырмай туысына алып беретін. Яғни, бала жетім калмасын, басқа босағаны аттамасын деген ниетпен. Ал, қазір ажырасушылар бұл мәселені еш ойланбайды да. Бұл жерде ең қиыны баланың жетім өсетіндігін. Сондықтан әрбір адам өз отбасын сақтап қалуы қажет»-деді ақсақал.

Соңғы жаңалықтар