Әйелдер футболы: «Ақтөбе» мен БИІК арасындағы ойын айтулы оқиғалармен есте қалды
АСТАНА. KAZINFORM – 27 шілдеде Ақтөбедегі Қобыланды батыр стадионында әйелдер арасында ел біріншілігіндегі есте қалар ерекше матч өтті. 8 500-ден астам көрермен жиналған тартысқа толы ойын алғаш рет Qazsport арнасынан тікелей эфирде көрсетілді.

Финалға бергесіз матч ерлер арасындағы бәсекеден еш кем түскен жоқ. Өйткені алаңда Қазақстанның UEFA Чемпиондар лигасындағы екі өкілі – тәжірибелі «БИІК-Шымкент» пен азулы «Ақтөбе» командасы шеберлік байқасты.

Ойын алдында және кездесу барысында да стадионда ерекше атмофсера орнады. Матч басталмас бұрын қазақстандық әншілер Айқын мен Moonsongs ән шырқап, көрермендерге керемет көңіл күй сыйлады. Бір сөзбен айтқанда, Қобыланды батыр атындағы стадион жанкүйерге толы болды және олар ойын бойы өз командасына тамаша қолдау көрсетіп, «Ақтөбені» жеңіске жетеледі. Осылайша Ақтөбедегі матч Қазақстандағы әйелдер футболын жаңа деңгейге көтерді.
Айта кетейік, 2025 жылғы ел чемпионатына бірінші рет 14 команда қатысып жатыр. Бұрымдылар арасындағы доп додасының жыл өткен сайын көрігі қызып, бәсекелестік артып келеді. Еліміз бойынша 10 мыңнан астам қыз футбол ойнап жүргенін де ерекше атап өткен жөн. UEFA да футболдан Қазақстан лигасын Еуропадағы ең жылдам дамып келе жатқан лигалардың санатына қосып отыр. Бұл ел футболына ерекше серпіліс сыйлайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында «Ақтөбе» өз алаңында БИІК командасын 3:2 есебімен жеңгенін жазған едік.