Әйелдер істейтін жерде тәртіп бар - министр Қасымов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бірқатар қызметкерлерді марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әйелдер істейтін жерде тәртіп бар - министр Қасымов

Атап айтқанда, қызметін адал атқарғаны және жұмыста жоғары жетістіктерге жеткені үшін ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаменті басқарма басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Елена Ваганова, ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының тылды басқару қызметінің бастығы, подполковник Жанар Досжанова, Криминалды полициясы департаментінің сарапшысы Жанар Жүнісова, Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің жетекшісі Әлия Шермағамбетова құрмет грамотасымен марапатталса, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті арнайы есеп бөлімінің бас сарапшысы, әділет подполковнигі Жанна Макаримоваға II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі табысталды. Ал Төтенше жағдайлар комитеті мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің бас сарапшысы Гүлнәр Құрманбаева «Азаматтық қорғау жүйесіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тапсырылды.

Бұдан бөлек, Тергеу департаменті басқарма басшысының орынбасары, полиция полковнигі Айнагүл Қалиева, Әкімшілік полицияның бас инспекторы, полиция подполковнигі Ділдар Төлегенова, Көліктегі желілік ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкері, полиция капитаны Әсемгүл Атабиева министрліктің алғыс хаттарына ие болды. Сондай-ақ, бүгінгі мерекелік шара барысында «Полиция.kz-2017 аруы» байқауының жеңімпазы, Астана қалалық әуежайындағы ЖІІБ Әкімшілік полиция бөлімінің аға лейтенанты Жанбота Қарибекова марапатталды.

«Бүгінде әйел азаматтар жұмыс істемейтін сала жоқ. Мәселен, бізде арнайы мақсаттағы жасақта да, өрт сөндіру қызметінде де, қылмыстық атқару жүйесінде де, криминалды полицияда да, патрульдік полицияда да әйелдер еңбек етіп келеді. Сондықтан біз Сіздердің қолдауларыңызды сезіп отырамыз. Әйелдер жұмыс істейтін жерде тәртіп те, заңдарды бұлжытпай орындау да бар. Бүгінгі күнді пайдаланып, Сіздерге зор денсаулық, мол табыс тілеймін», - деді министр Қасымов.
null

Айта кетейік, бүгінде ішкі істер органдарында 12 мыңнан астам әйел жұмыс істейді. Олардың 600-ден астамы басшылық лауазымда қызмет атқарып жүр. Әйел азаматтардың басым бөлігі жергілікті полицияда, мамандырылған күзет қызметінде, сараптамалық-криминалистік және тергеу бөлімдерінде, криминалды полицияда еңбек етеді.