Әйелдер күресінен Азия чемпионатында еліміздің қоржынына тағы «қола» түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында өтіп жатқан әйелдер күресінен Азия чемпионатында қазақстандық Елена Шалыгина (68 келі) қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық балуан алғашқы белдесуінде түрікменстандық Огульян Эгембердиеваны жеңсе, ширек финалда қырғызстандық Мээрим Жуманазароваға есе жіберді.
Елена Шалыгина 3-орын үшін сайыста тағы Мээрим Жуманазаровамен кездесті. Ол жартылай финалда жапониялық Ами Исииге есе жіберіп қойған еді.
Қазақстандық балуан қарсыласының осал тұсын тапты. Осылайша ол құрлықтық додада үшінші орын алды.
Еске салсақ, бұған дейін ел құрамасынан Марина Седнева (55 келі) 3-орын үшін сайыста Нгуень Ти Май Трангты жеңіп, қола жүлде алды.
Енді ел құрамасынан Эльмира Сыздықова (76 келі) финалда белдеседі.
Ал Диана Каюмова (59 келі) қола жүлде үшін сайыста қырғызстандық Калмира Билимбекқызынан жеңіліп қалды.