Әйелдер күйзелген сәттерінде анағұрлым зейінді бола түседі
Бұл соған байланысты болса керек, - деп жазады time.com.
Адамдар жан күйзелтер сәттерді әр түрлі қабылдайды екен. Бірі томаға-тұйық күйге түсіп, айналасымен шаруасы болмай кетсе, енді бірі елеңдеп, аяушылық білдіріп, қиындыққа тап болғандарға қол ұшын бергісі келіп тұрады. Бұл да күйзелісті жеңудің бір жолы. Әйелдер әдетте аяушылық арқылы әрекет жасайды екен.
Ғалымдар осы жағдайды зерттеу мақсатында 40 еркек және 40 әйелден құралған екі топ жинайды. Сөйтіп, олардың кейбірімен күйзелістік тест өткізеді, яғни қалың көпшіліктің алдына шығарып, белгілі бір тақырыпта сөз сөйлетеді немесе қиын есепті шығартады. Осыдан кейін барып адамдар өз сезімдері мен өзгелердің талап-тілегін ажырата алу қабілеттерін бағалайтын тестен өтеді. Мысалы, оларға сөреде жатқан заттарды жылжыту керектігі айтылады. Егер олар айтылған нұсқауды дәл орындап шықса, бұл - басқа адамның көзқарасын дұрыс түсіне білу қабілеті және белгілі бір аяушылық деңгейі ретінде бағаланды.
Тәжірибе қорытындысына сәйкес, күйзелісті бастан кешкен әйелдер, бақылау тобындағы ешқандай сынақтан өтпеген басқа әйелдерге қарағанда, берілген тапсырмаларды өте жақсы орындап шығыпты. Ал ер азаматтарда керісінше. Жүйкені жұқартар күйзелістік тестен өткен олар, іштей арпалысып, бақылау тобында қаннен-қаперсіз демалып отырған басқа еркектерге қарағанда, берілген нұсқауларды нашар орындап шыққан. Демек, әйелдер күйзелген сәттерде анағұрлым сезгіш, зейінді бола түседі. Олар әдетте мұндай сәттерде айналасынан қолдау іздейтіні белгілі. Бұл соған байланысты болса керек. Сонымен қатар, торыққан сәттерде ерлер мен әйелдердің гормондары әрқалай жұмыс істей бастайды екен.