Әйелдер мемлекет тарапынан қолдауды сезінуі тиіс — депутат

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. 

Мәжіліс депутаты Павлодардағы дағдарыс орталығының жұмысымен танысты
Фото: Мәжіліс баспасөзі

Онда Павлодар қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Дағдарыс орталығы» мемлекеттік мекемесінің қызметімен танысты.

Орталық қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға жан-жақты көмек көрсетеді. Әлеуметтік бейімдеу, құжаттарын қалпына келтіру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, медициналық тексеруден өту, жәрдемақыларды ресімдеу, қажет болған жағдайда мүгедектік беру сынды кең ауқымды қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ орталық қауіпсіз баспанамен, бес мезгіл тамақпен, білікті психологиялық көмекпен, балаларды мектептер мен мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етеді.

Кездесу барысында Ажар Сағандықова орталықтың тұрмыстық жағдайын тексеріп, қызметкерлермен және қамқорлыққа алынғандармен әңгімелесіп, мамандардың көптеп тартылғанын және кәсіби деңгейін атап өтті.

Мәжіліс депутаты Павлодардағы дағдарыс орталығының жұмысымен танысты
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

— Өткен жылы қабылданған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғау туралы заң қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп жатыр. Әйелдер көмекке жиі жүгіне бастады, зорлық-зомбылық жағдайларына жауап беріп қана қоймай, олардың алдын алуға да мүмкіндік туды. Әрбір әйел өзінің қауіпсіз екенін және мемлекеттің қолдауын сезінуі маңызды, - деді депутат.

Талқылау барысында көтерілген мәселелердің қатарында ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау, балалар ойын алаңын салу, әйелдер мен балаларды медициналық тексеруден өткізу, әлеуметтік шараларға алып бару үшін қосымша көлікпен қамтамасыз ету мәселелері айтылды.

Мәжіліс депутаты Павлодардағы дағдарыс орталығының жұмысымен танысты
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Ажар Сағандықова айтылған барлық ұсыныс пен мәселе ескерілетінін және дағдарыс орталықтары желісін одан әрі дамыту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жүйелі алдын алудың маңыздылығын атап өтті.

– Дағдарыс орталықтары жай ғана шұғыл көмек көрсететін орын емес, жаңа, қауіпсіз өмірге жол бастайтын ортаға айналуы керек. Мұндай институттарды қолдау – ЖСДП фракциясының басым бағыттарының бірі, - деді Ажар Сағандықова. 

Айта кетелік Мәжіліс депутаттары Ақсу қаласындағы өндіріс нысандарында болды

Соңғы жаңалықтар