Әйелдерді тек құқықтық тұрғыда ғана қолдап қоймауымыз керек - Ләззат Сүлеймен

Ләззат Сүлеймен
Фото: Фиктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы ұйымдастырған баспасөз жиынында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен зорлық-зомбылықтың шекарасы жоқ екенін айтты.

«Әлемдік проблема. Біздің қоғамда да ушығып тұр. Халық арасында отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі жиі талқыланатын болды. Мемлекеттік деңгейде көтеріліп, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заң жобасы әзірленіп жатқаны белгілі. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін шешудің жан-жақты тәсілдері қарастырылған. Атап айтсақ, отбасыларға көмек көрсету инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған өзгерістерді, сондай-ақ тұрмыс саласындағы қылмыстар және балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны күшейтуді атап өтуге болады. Мәселен, адамды ұрып-соққаны, денсаулыққа жеңіл, ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіргені, азаптап-қинағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді және күшейтілді», - деді ол.

Айтпақшы, Ләззат Сүлеймен 2020 жылы сенатор қызметін атқарғанда осы заңның бастамашылары қатарында болған.

«Заңмен мәселе түпкілікті шешілмейтіні белгілі. Осы ретте, отбасы институтын дамыту мақсатында әр ауданда отбасыларды қолдау орталықтары ашылуда. Жалпы, әйелдерді қолдау тек құқық бағытында ғана жалғаспауы керек. Әйелдің білім алып, өзін дамытуға жағдай жасалуы маңызды. Бұл бағытта Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы кешенді бағдарламалар әзірлеп, құзырлы органдармен бірге жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Бұл түйткілдің түйінін тарқатуға қоғамның әр мүшесі үлес қосқаны абзал», - деді Л. Сүлеймен.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Найла Мұхтарова зорлық-зомбылықтың ушығуы гендерлік стереотиптермен де байланысты екенін жеткізді. Бұл ретте, министрлік дағдарыс орталықтарының жұмысын барынша қолдауда. Агрессорлармен психокоррекциялық жұмыс жобасының әдістемесін әзірлеп, қазақстандық білім беру жүйесіне гендерлік магистратураны енгізуде.

Соңғы жаңалықтар