Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қалай қорғаймыз – маман пікірі
ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстанда «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» атты ауқымды іс-шара өтіп жатқаны белгілі. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Осыған орай Kazinform тілшісі БҚО полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім басшысы, полиция майоры Диляра Сатароваға бірнеше сауал қойған еді.
– Диляра Махмудқызы, Батыс Қазақстан облысында статистикалық мәлімет бойынша әйелдерге қатысты жасалатын қылмыстың азаймай отырғанын көруге болады. Ұрып-соғудан бастап адам өлтіруге дейін тіркелген. Осының алдын алу бағытында облыс көлемінде қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?
– Әрине, мұндай қылмыстарға барған адамдар тиісті жазасын алады. 2024 жылы 16 маусымдағы Қылмыстық істер кодексіне денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғудың жаңа баптар ретінде енгізілуіне байланысты отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың 5,7 пайызға өсіп отырғанын байқауға болады.
Биылғы 11 ай ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабына сәйкес 2 384 құқық бұзушылық анықталып, 2 570 қорғау нұсқамалары шығарылды. Соттармен әкімшілік хаттамаларды қарау кезінде құқық бұзушылардың мінез-құлқына 921 ерекше талап қойылды.
Қорғау нұсқамасын бұзған 159 адам аталған кодекстің 461-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ ерекше талапты бұзған 483 адам да жазасыз қалмады.
Бұған ерекше екпін түсіріп отырған себебіміз – әкімшілік құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, соған бейім адамдардың қылмысқа баруына жол бермеу, яғни алдын алу.
Тағы бір айтар жайт, әйелдерге қатысты қылмыстардың 30 пайыздайы ер адамның мас күйінде жасалады. Сондай-ақ ашу үстінде, ұрыс-таласқа байланысты қол көтеру, ұрып-соғу да болып жатады. Мұның бәрі үй ішінде, балалардың көзінше болады. Сондай отбасында өскен жеткіншектер сол қылықты өскенде қайталауы мүмкін.
Мен қылмыс көбіне тек жұмыссыз отырған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда болады деп айта алмас едім. Сырт көзге қалыпты көрінген үй ішінде де мұндай жағдай болады.
– Қылмыстың алдын алу үшін полиция органдарында күш жеткілікті ме?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрдің бұйрығымен биыл жыл басында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құрылды. Біздің департаментте де штат саны 44-ке жеткізілді. Инспекторлардың 10-ы ерлер болса, қалғаны – әйел адамдар. Сондықтан өмір болған соң, олардың ішінде бала күтімімен отырғандары бар. Дегенмен соған қарамастан, қала мен аудандарда барлық күш ең алдымен қылмыстың алдын алуға жұмылдырылады.
Учаскелік полиция инспекторлары да өз қарамағындағы аумақты қадағалап отыруы тиіс. Мысалы, биыл 1 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында «Учаске» жедел алдын алу іс-шаралары өткізіліп, соның барысында учаскелік полиция инспекторлары аула-үйлерді аралап, жағдайларын біліп, телефон нөмірлерін қалдырды.
Осы орайда барлық мүдделі органмен, қоғамдық ұйымдармен тиімді қарым-қатынастың маңызы зор екенін айта кеткім келеді. Қазіргі уақытта Орал мен Ақсай қаласында дағдарыс орталықтары қызметтерін атқарып жатыр. Сонымен қатар Орал мен аудандарда 13 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді.
Шын мәнісінде бәрі де отбасындағы тәрбиеге, сондағы ахуалға байланысты. Отбасы берік болса, ол, түптеп келгенде, мемлекеттің де өркендеп, тамыр жаюына септеседі. Өкінішке қарай, өңірде ажырасу саны көбейіп отыр. Тек жастар ғана емес, жасамыстар да екі жаққа кетіп жатады.
Бұрын тұрмысқа шықтың ба, бәріне төзуің керек деген сияқты ақыл айтылса, ендігі менталитет басқа, заман да өзгеріп жатыр. Балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған аналар баршылық. Әкесіз өсудің салмағы қаншалықты екенін басына түскендер сезінеді. Қандай жағдай болмасын, біз әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың жасалуына барынша тосқауыл қоя білуіміз керек.

– Биыл Қылмыстық кодекске сталкинг, некеге тұруға мәжбүрлеу және банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және сатып алуға байланысты жаңа баптар енгізілді. Осыған қатысты не айтасыз?
– Сталкингке қатысты қылмыс біздің облыс аумағында тіркеле қойған жоқ. Дегенмен елімізде оның алғашқы деректері анықталып жатыр. Біреу сені сыртыңнан аңдып, ақпарат жинап, телефон шалып, қорқытып-үркітіп отырса, мұның кез келген кісіге де оңайға түспесі анық. Бұған ер адамдармен қатар әйелдер де кезігіп, күтпеген жағдайға тап болуы мүмкін. Сондықтан мұндай кезде де полицияға көмек сұрап, хабарласқаны жөн. Ал сот орындаушылар немесе тергеу органдары өз құзыреттері аясында жұмыстарын жүргізсе, бұл сталкингке жатпайды.
Некеге тұруға мәжбүрлеу, яғни қыздың ықтиярынсыз алып қашу да қылмыс саналады. Әрине, екі жас өзара келісіп, ата-анасына салмақ салмау үшін той жасамай-ақ бас қосып, некеге тұрып жатса, онда әңгіме басқа.
Енді банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және сатып алуға келейік. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңның 25-бабы 14-тармақпен толықтырылды. Былайша айтқанда, банктік шот пен төлем құралдарын ерлі-зайыптылар мен жақын туыстардан басқа адамдарға беруге тыйым салынады.
Жалпы, цифрландыру қатты дамып келе жатқан мезгілде аса сақ болу артықтық етпейді. Біз осы бағытта тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз.
– Әйелдерге қатысты алаяқтық туралы да білгіміз келеді...
– Әйелдерге қатысты жасалатын қылмыстардың жалпы санының жартысына жуығы – алаяқтық. Ал осының жартысы – интернет алаяқтық. Алаяқтардың құрығына тек зейнеткерлер ғана емес, сауатты, жоғары білімі бар адамдар да ілігіп жатады. Заңсыз ақша табу үшін неше түрлі қулық-сұмдықты ойлап тауып, әдіс-тәсілдерін жетілдіреді. Сондықтан бейтаныс адамдар қоңырау шалған жағдайда сөйлесуді дереу тоқтатып, құпия деректерді бермеу қажет.
Қорыта айтқанда, елімізде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» атты іс-шараның биыл «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік» деген ұранмен өтуі тегіннен-тегін емес. Мұндағы мақсат – цифрлық зорлық-зомбылыққа қоғамдық төзбеушілікті қалыптастыру, цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыру, интернет кеңістігінде құрмет пен теңдікті нығайту. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана біз аталмыш іс-шараны тиімді әрі нәтижелі өткізіп, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қоғам назарын аудара аламыз.
Сөз соңында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандар 111 және 150 телефон нөмірлеріне хабарласа алатынын еске салғым келеді. Сондай-ақ БҚО полиция департаментіндегі 8 (711-2) 98-43-17, 8 (711-2) 98-43-15 нөмірлеріне хабарласуға болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да әйелдерге қатысты 1 300-ден астам қылмыс тіркелгенін жазған болатынбыз.