Әйелдердің қоғамдағы рөлін көтеру қажет - БҚО

Бұл туралы «Үміт» Орал өңірі әйелдерінің одағы» қоғамдық бірлестігі «Әйелдердің көшбасшылық мектебі» жобасы бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын орындау аясында 30 мамыр күні өткізген семинар-тренингте айтылды.
Шараның бірінші бөлігі ҮІ Астана экономикалық форумының шеңберінде өткен әйелдердің ғаламдық конгресінің нәтижелерін сараптауға арналды. Өткен жылы елімізде алғаш рет болып өткен Орталық Азия іскер әйелдерінің конгресі жағырапиялық қамту ауқымының кеңеюіне, мән-мағынасының артуына және деңгейінің өсуіне байланысты биыл оның атауы әйелдердің ғаламдық конгресі болып өзгертілді. Осы конгреске қатысқан Орал гуманитарлық колледжінің құрылтайшысы Ләззат Рысбекова, Назиб Жиганов атындағы жеке қордың президенті Светлана Тенишева, Зеленов ауданындағы «Есет» шаруа қожалығы ауылдық тұтынушылар кооперативінің директоры Айгүл Молдашева, Ұлттық банктің БҚ филиалы директорының орынбасары Ғалия Сатыбалдина ғаламдық конгрестен алған әсерлерін ортаға салды. Олардың айтуынша, бұл шара оқымысты экономистерді және мемлекеттік органдардың, бизнестің, қоғамдық, халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктіруге, Орталық Азиядағы, Еуропадағы және Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, гендерлік және мәдени мәселелерді талқылауға және шешудің оңтайлы жолдарын іздеуге бағытталған. Жиын барысында әйелдердің қоғамдағы рөлін көтеру жайы сөз болды.
«Үміт» Орал өңірі әйелдерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлия Райымқұлованың айтуынша, семинар-тренингті өткізудегі мақсат - гендерлік теңдікке жету. Әлемдік ағынға сәйкес шағын бизнес саласының келешегі әйелдердің жұмыспен қамтылуымен және қосымша жұмыс орындары құрылуымен тығыз байланысты. Қоғамдағы, экономикадағы, саясаттағы әйелдердің, қоғамдағы әйелдердің үкіметтік емес ұйымдарының белсенділігін көтере отырып, сол арқылы әйелдер көшбасшылығын дамытудың табысты болуына қажетті жағдайлар жасау.