12:43, 11 Қараша 2013 | GMT +5
Әйелдердің қоғамдағы үлесін 30 пайызға жеткізуде сан емес сапаға мән берілуі керек - ҚР Президентінің кеңесшісі
АЛМАТЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат - БҰҰ Конвенциясындағы қоғамның барлық саласында әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу керек деген міндеттеме әлі орындалған жоқ. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан «Әйелдер, бейбітшілік пен қауіпсіздік: Еуроатлантикалық және Еуразиялық аймақтардағы мемлекеттердің міндеттемелері мен олардың нәтижелі іске асырылуы» деп аталатын халықаралық конференцияда айтылды.

«Қазір әйелдердің үлесі Парламент Мәжілісінде 24 пайыз, Үкіметте 10 пайызға жақын, ал жақында өткен ауыл әкімдерінің сайлауында 11 пайызға жетті. Қазір Қарулы күштердегі қыз-келіншектердің үлесі 8 пайызды құрауда», - дейді ҚР Президентінің кеңесшісі Гүлшара Әбдіқалықова. Оның айтуынша, әйелдер арасынан бірінші боп генерал атағын алған Сәуле Айтбаеваның әскердегі әлімжеттікті ауыздықтау үшін әйелдердің құқық қорғау органдарында арнайы ұйымын құру туралы ұсынысының болашағы өте зор.