Әйелдердің мүмкіндігі әлі де шектеулі: Қазақстан гендерлік теңдік үшін не істеп жатыр
Қазақстандықтардың арасында гендерлік теңдікке қатысты алаңдаушылық артқан. Осыдан 7-8 жыл бұрынғы сауалнамада азаматтардың көбі әйелдердің құқығы мен мүмкіндігі тең десе, екі жыл бұрынғы сауалнамада әйелдердің құқығына алаңдайтындар көбейген. Гендерлік теңдік рейтингінде әлемнің дамыған елдері көш бастап тұрса, еліміз біртіндеп ілгерілеп келеді. Қазақстандағы гендерлік теңдік деңгейі қандай? Сарапшылар не дейді? Мемлекет не істеп жатыр? Толығырақ Kazinform сарапшысының материалынан оқыңыз.
Әлем елдеріндегі гендерлік теңдік
Дүние жүзінде Исландия (0,912), Норвегия (0,879), Финляндия (0,863), Жаңа Зеландия (0,856) және Швеция (0,815) гендерлік теңдік индексінде көш бастап тұр.
Посткеңестік елдер арасында Литва (9-орын), Латвия (13-орын), Молдова (19-орын), Эстонияда (22-орын) гендерлік теңдік деңгейі жоғары. Беларусь (41-орын), Армения (61-орын), Қазақстан (62-орын) және Украина (66-орын) рейтингтің ортасына таман орналасқан. Одан кейін Грузия (76-орын), Қырғызстан (84-орын), Әзербайжан (97-орын) және Тәжікстан (111-орын) келеді.
Әйелдер үшін ең нашар елдер – Алжир, Чад және Ауғанстан.
Жалпы, индекс жыл сайын гендерлік тепе-теңдік пен оның эволюциясын негізгі төрт өлшем: экономикалық қатысу және мансап мүмкіндіктері; білім беру; денсаулық және өмір сүру; саяси құқық пен мүмкіндіктер бойынша бағалайды.
Айта кету керек, гендерлік теңдік БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарында қарастырылғандай, кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі болып саналады: «5-мақсат: гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйел мен қыздың құқығын кеңейту» деп көрсетілген.
Қазақстандағы гендерлік теңдік
Былтыр Қазақстан аталған гендерлік теңдік индексі бойынша (Global Gender Gap Report 2023) 146 елдің арасында 62-ші орында болды. Бір жыл бұрынғы 65-ші орынмен салыстырғанда, индекс 0,721-ге дейін көтерілді.
Қазақстанда гендерлік саясат саласындағы негізгі заңнамалық акт 2009 жылы қабылданған. Ол – «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заң. Одан бері талай құжат бекітіліп, талай орган құрылды. Дегенмен бұл саясат соңғы жылдары ғана едәуір ілгеріледі.
Мемлекеттік саясатқа гендерлік тәсілдерді кеңінен енгізу және заңнамалық базаны жетілдіру соңғы бесжылдықта ерлер мен әйелдердің мүмкіндіктерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етудің ең маңызды факторына айналды. Соңғы жылдары елімізде гендерлік теңдіктің артқанын байқауға болады. Оған мыналар: әйелдерге арналған кәсіптердің тізімін алып тастау, жалғызбасты әкелерге өзін және балаларын қамтамасыз ету үшін қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беру, Парламентте әйелдерге, жастарға және мүгедектерге 30 пайыз квота беру, әйелдердің экономикалық және саяси мүмкіндіктерін кеңейту бойынша мемлекеттік және гендерлік саясат стратегиясын әзірлеу және іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдер мен қыздарға қатысты кемсітушілікке қарсы күрес шараларын күшейту дәлел, – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер орталығының жоба менеджері Әйгерім Құсайынқызы.
Ал, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының басшысы Гүлмира Илеуова елімізде кей дәстүр гендерлік теңдікті кері тартады деген уәж айтты.
Гендерлік даму мен теңдік мәселелеріне мемлекет пен қоғам үнемі назар аударып, қолдау білдіріп отыруы керек. Ең айқын мысал, қалыңмал тақырыбы. 100 жыл бұрын Қазақстанда қалыңдық бағасы заңмен алынып тасталды, бірақ бүгінде «әйел үшін - ақша» архаикалық тауар алмасуы жаңа күшпен қайта жалғасып жатқанын көріп отырмыз. Бұл салт-дәстүр деген желеумен жасалып жатқанымен, барлық дәстүр міндетті түрде қалпына келуі керек деп ешкім айта алмайды, әсіресе мұндай ақылға қонымсыз дәстүр. Одан қалды, бұл жалғыз мысал емес. Қысқаша айтқанда, Қазақстандағы гендерлік теңдікті кері тартатын жағдайлар бар және олар жиі болып тұрады, – деп бағалады Гүлмира Илеуова еліміздегі гендерлік теңдікті.
Бұдан бөлек сарапшы тұрғындар гендерлік теңдік жағдайын қалай бағалайтынына қатысты жауап берді.
Пікірімді дәлелдеу үшін 2015 және 2022 жылдарға салыстырмалы мәліметтерді айтайын. Мәселен, 2015 жылы респонденттердің 81%-ы біздің елде әйелдер мен ерлердің құқығы тең және мүмкіндіктері бірдей екенін айтса, 2022 жылдың көктемінде бұл пікірді тек 69%-ы ғана қолдаған. Егер бұрын «Қазақстанда әйелдер мен ерлердің құқығы тең емес» деген пікірді әрбір жетінші сауалнамаға қатысушы қолдаса, бүгінде әрбір төртінші адам мұндай пікірмен келіседі, – деп келтірді сауалнама қорытындысын маман.
Гендерлік теңдікке алаңдаушылар көбейді
Сарапшының сөзінше, 2022 жылы әйелдердің 27%-ы (2015 жылы 18% болған) және ерлердің 22%-ы (2015 жылы - 12%) гендерлік тең құқық жоқ екенін айтқан, яғни бұдан біз азаматтардың гендерлік теңдік мәселесіне алаңдауы артқанын байқаймыз.
Сондай-ақ, аталған сауалнамаларға қатысқан қазақстандықтардың пікірінше, әйелдер мен ерлер арасындағы теңдікке қол жеткізуге әйелдердің рөлі мен орны туралы дәстүрлі стереотиптердің таралуы кедергі келтіреді.
Ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте тиянақты қарайды – Президент
Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы мәліметінше, Қазақстанның еңбек нарығында 4,3 миллион әйел бар. Әйелдердің басым бөлігі білім беру саласында – 872,9 мың, көтерме немесе бөлшек саудада тағы 866,9 мың, ауыл, орман және балық шаруашылығында 453,1 мың адам жұмыс істейді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 406,9 мың әйел, өнеркәсіп саласында 337,3 мың, құрылыс саласында 128,8 мың адам жұмыс істейді. Ал өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында 74,3 мың әйел жұмыс істейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әйелдердің еңбегін жоғары бағалайды. Бұдан бөлек Президент статистикаға сүйеніп, олар жемқорлыққа бейім емес екенін айтқан болатын. Сондай-ақ, ол 20 ақпанда өткен жастар кадр резервінің форумында еліміздің әділетті мемлекет әрі инклюзивті қоғам құрып жатқанына, гендерлік теңдікті сақтау мәселесіне назар аударды.
Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн, – деді Президент.
Ұят болады VS ашық шағымдану
Елімізде әйелдер құқығын қорғау үшін арнайы органдарға жүгінуі артқан. Бұл да – қуантарлық жағдай. Себебі бұған дейін құқығын қорғауды талап ететіндер көп болмаған, тіпті аз болды деуге болады. Көбі «ұят боладымен» жабылатын. Енді жағдай өзгерді.
Былтырғы 6 айда әйелдер Адам құқықтары жөніндегі уәкілге 925 өтініш жолдаған, бұл - уәкілге түскен басқа өтініштердің жалпы санының 32,7%-ы. Гендерлік кемсітушілік мәселесі бойынша 8 арыз түсіп, бұл жалпы өтініштердің 0,28%-ын құраған.
Әйелдерден түсетін шағымдар негізінен олардың еңбек, тұрғын үй, әлеуметтік, неке және отбасы заңнамасы саласындағы құқығының бұзылуына қатысты болған. Сондай-ақ, әдетте, қаржыға қатысты қиындықтар кездеседі, олардың заңгерден көмек алу үшін ақшасы аздық етеді және олар көбіне құқығын қорғаудың жолдарын білмейді, – деп атап өтті Әйгерім Құсайынқызы.
Халықаралық ұсынымға қатысты Қазақстанның жоспары
БҰҰ ұсынымдарына сәйкес, әйелдердің мүддесін ескеру және толық көрсету үшін билік құрылымдарында және шешім қабылдау деңгейінде әйелдер өкілдігінің 30% деңгейі қажет деп саналады.
Бұл деңгейге жету үшін 2022 жылы Қазақстандағы отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жаңартылды және оны іске асырудың жаңартылған жоспары қабылданды. Оған сәйкес нысаналы индикатор айқындалды – атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторлардағы шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің үлесі 2023 жылы 25%, 2027 жылға қарай 27%, 2030 жылға қарай 30% құрауы керек, – дейді сарапшы.
Иә, еліміде жүргізіліп жатқан гендерлік саясаттың бөлігі ретінде 2030 жылға қарай ұзақ мерзімді нәтижелер күтілуде. Соның ішінде әйелдердің орташа жалақысының ерлерге қарағанда гендерлік алшақтығы 21% құрап, материалдық игіліктерге (мүлік, тұрғын үй, көлік, жеке кәсіпкерлер) иелік ететін әйелдердің ерлерге қатысты үлесі 10%-ға артады деп жоспарланған. Сонымен қатар, шешімдер қабылдау деңгейінде атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторлардағы әйелдердің үлесі 30%, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдер үлесі 10% құрауы көзделген. Бұған қоса әйелдер тарапынан да құқығын талап ететіндер де көбейген. Демек талап та күшейді деген сөз.
Қорыта айтсақ, еліміз әйелдерді қоғамның саяси, экономикалық және қоғамдық салаларына тартуда біршама жетістіктерге жетті. Дегенмен жоғарыдағы статистика мен сауалнамаларға сүйеніп, әйелдердің мүмкіндіктері әлі де айтарлықтай шектеулі деуге әлі негіз бар.