Әйеліне 24 жерден пышақ салған қостанайлық 9 жылға сотталды

Іс материалдары бойынша, Семёнов пен Федотова азаматтық некеде өмір сүрген және ортақ кішкентай ұлы болған. Жиі болатын ұрыс-керістен жас әйел анасының үйіне көшіп кеткен. Үш апта бойы Семёнов әйеліне барып, үйге қайтып келуін өтінеді. Әйел басқа адамды жолықтырып, одан қашқақтай бастайды.
«8 маусым күні Семёнов азаматтық некедегі әйелінің кездесіп жүрген жігітін тауып, жолыққан. Әңгіме барысында жанжал туып, төбелес болған. 11 маусым күні сотталушы бұрынғы әйеліне хабарласып, оның туған күнін тойлау үшін үйіне шақырған. 5 мың теңге сыйлаған. Сол күні Семёновта қайтадан татуласамыз деген үміт пайда болады. Алайда, Федотова онымен туған күнін тойлаудан бас тартып, құрбысына қонаққа кетеді», - делінген облыстық сот баспасөз қызметінің ақпаратында.
Сол күні түнгі 23:30 шамасында Семёнов Федотованы подъез маңында күтіп алған және өзге ер адаммен қарым-қатынасын үзуді талап етіп, қайтадан қосылуды өтінген. Әйел бас тартып, ұрыс-керіс туындаған. Ашуланған және ренжіген Семёнов әйелді шалқасынан құлатып, пышақты сұққылай жөнелген. Федотова оқиға орнында жан тапсырған.
Сот Семёновты айыпты деп таныды және қатаң режим колониясында 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындады.