Әйелін аяусыз ұрған маңғыстаулық тұрғынның бостандықта жүргені рас па
АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының тұрғыны әйелін түн ортасында қуып жүріп, сабап, мүгедек қыла жаздаған. Істің мән-жайын Ішкі істер министрлігінен сұраған едік.

«Қазіргі уақытта азаматқа қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-1 бабы 1-1 бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, айыптының әйелін ұрып-соғу арқылы келтірген дене-жарақатының дәрежесін анықтау мақсатында сот медициналық сараптама тағайындалды», - делінген агенттік жолдаған сауал жауабында.
Сондай-ақ, ақпаратта сараптаманың қорытындысы дайын болған соң, іс шешім қабылдау үшін Мұнайлы ауданы сотына жолданатыны айтылған.
Еске сала кетейік, маңғыстаулық тұрғын әкесін жазаға тартуды сұраған еді.
Оның айтуынша, әкесі ішімдік ішіп алып, анасын аяусыз ұрған. Ал полиция болса, оны 2 сағаттан кейін босатып жіберген. Осы орайда Ішкі істер министрлігінен айыптыны неліктен босатып жібергенін және неге қамауға алынбағанын сұраған едік, бірақ ведомстводан жауап болмады.
Айта кетсек, ІІМ-нің мәліметінше, агрессорға әкімшілік хаттама толтырылған, ал Маңғыстау облыстық Полиция департаменті берген ақпарда кінәлінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны айтылған, бірақ нақты қандай жаза екені белгісіз.