Әйгілі мюзиклді аудару оңайға түспеді - Серікзат Дүйсенғазы «Notre Dame de Paris» жайлы
«Мюзиклдің авторы Риккардо Коччанте түпнұсқаны жоғалтпай, шығарма аударылған елдің менталитетіне, дүниетанымына сай жеткізілуі керектігін қатты ескертті. Мысалы, айталық бұл шығарманың атының өзі біздің менталитетке келмейді. «Собор Парижской Богоматери» - «Құдай ананың соборы» деп аударылады. Ал бізде «Құдай ана» деген түсінік жоқ. Қазақта «Әз ана» деген ұғым бар. Шығармада сондықтан Әз ана деген ұғымды енгіздік. Мен бір ғана мысалды атап отырмын. Осындай біздің дүниетанымымызға келмейтін ұғымдарды өзіміздің мәдениетімізге қарай келтіруге барымызды салдық», - дейді ол.
Серікзат Дүйсенғазының айтуына қарағанда, мюзиклдегі ұғымдарды үйлестіру жұмысы авторлармен бірге келісе отырып, жүргізілген.
«Бұл - ән. Мәселен, Шекспирдің «Отеллосын» Мұхтар Әуезов қазақ тіліне аударды. Ол негізінен қара сөзбен жазылған. Қара сөзді аудару оңайырақ. Ал мұнда дайын әнге сөзді алып кеп үйлестіре отырып салу керек болды. Буыны келіп, айтылуы жеңіл болуы ерекше бақыланды. Кез келген сөзді әнге қоя да алмайсыз. Себебі, сөздің реті сахнадағы әншінің тынысына дәл келуі керек. Осы сәтке келгенде қиыншылықтар кездесті. Бірақ, бұл ретте біздің бұрынғы әнге сөз жазу тәжірибесі көмектесті деп ойлаймын. Әлбетте, әріптестер тарапынан көп адамнан көмек болды. Бірақ, бұл ретте ең көп көмекті Риккардо Коччантенің өзі көрсеткенін ерекше атап өткім келеді. Риккардо мюзикл әніне сөз салып отырған кезде көп сөздердің синонимін де сұрап отырды. Біріге мюзиклді аударып шықтық. Осы мәселенің бәрі ескерілді», - дейді ақын.
Мюзиклді сапалы түрде қазақ тіліне аудару үшін ақын Францияға екі мәрте барып қайтқанын айтады. Серікзат Дүйсенғазы өз сөзінде атап өткендей, біздің ел мәдениеті мен тілін әлемге танытуға қашан да мүдделі.
«Әлемдегі ең алпауыт елдердің тілдеріне аударылған мюзиклдің қазақ тіліне аударылғанына біз қуаныштымыз. Себебі, ТМД аясында тәуелсіздік алған мемлекеттердің ішінде мұндай әлемдік жауһарды бірінші болып біз қазақ тіліне аударып отырмыз. Франция елінде театр мәдениеті сан ғасырға кетеді. Сондықтан, осыған бастамашыл болған азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. Әйгілі мюзикл арқылы да қазақ тілімізді әлемге танытамыз деген ойдамын. «Notre Dame de Paris» мюзиклі Қазақстан мен Франция театрларының байланыстарына үлкен алтын көпір болсын деп тілек айтқым келеді», - дейді Серікзат Дүйсенғазы.
Еске сала кетсек, күні кеше Бейбітшілік және Келісім сарайында Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдік «Notre Dame de Paris» мюзиклінің қазақ тіліндегі тұсаукесері өткен болатын. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымы ұсынған, аңызға айналған «Notre Dame de Paris» мюзиклiнiң қазақ тiлiндегi премьерасында залда ине шаншар орын болмады. Мюзикл Астанада алғаш рет қойылып жатқанын айта кету керек. Шынайы ғашықтық пен сатқындық хикаясы, сенiм мен ғажайыпқа толы қойылым кɵрермендердi тамсандырғаны залдағы қошеметтен айқын байқалғаны хақ. Сахнада XX ғасырдың ең үздiк əндерi шырқалды.
Ерекше атмосфера сыйлайтын француздық шансон желiсiндегi мюзиклін 24 желтоқсанға дейiн Бейбiтшiлiк жəне Келiсiм сарайында тамашалауға болады.