Әйгілі модельер Джорджо Армани дүниеден өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Итальяндық модельер 92 жасында өмірден озды. Бұл туралы La Repubblica газеті хабарлады, деп ТАСС агенттігі жазды.

11 шілдеде ол 91 жасқа толған болатын. Соңғы кездері «сән әлемінің патшасы» атанған Арманидің денсаулығы нашарлап бара жатқаны туралы мәліметтер тараған еді.
1975 жылы негізі қаланған оның сән үйі үлкен холдингтерге енбеген санаулы компаниялардың бірі болды.
Ал БизнесOnline басылымының хабарлауынша, модельермен қоштасу рәсімі Миланда, Teatro Armani театрында өтеді. Соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне қатысқысы келетіндер 6 және 7 қыркүйек күндері бара алады. Жерлеу рәсімі Арманидің өзі қалағандай жақын-жуығының арасында ұйымдастырылмақ.
Басылым La Repubblica компанияның хабарламасына сілтеме жасап: «Армани мырза, қызметкерлері мен серіктестері әрдайым құрмет пен таңғалыспен атаған, жақындарының қоршауында тыныштықпен бақилық болды. Ол соңғы демі қалғанша жұмыс істеді, компанияға, оның коллекцияларына және әрдайым өзгеріп тұратын жобаларына бар күш-жігерін арнады» деп жазды.
Джорджо Армани 1934 жылы Солтүстік Италиядағы Пьяченца қаласында дүниеге келген. 1953-1955 жылдары Милан университетінің медицина факультетінде білім алған. 1964 жылы Nino Cerruti сән үйінде жұмысқа орналасып, киім тігу техникасын меңгеріп, 1970 жылға дейін Hitman ерлер киімдерінің дизайнері болды.
1974 жылы алғаш рет өзінің есімімен коллекциясын таныстырды, ал бір жылдан кейін досы, сәулетші Серджо Галеотти кеңесімен Giorgio Armani S.p.A компаниясын құрды. Галеотти брендтің қаржылық басқаруын өз мойнына алып, Армани шығармашылыққа толығымен шоғырлана алды.
Олардың басшылығымен Giorgio Armani USA, Emporio Armani және Armani Jeans сияқты культтік бөлімшелер құрылды, бұл жоғары сәнді көпшілікке қолжетімді етті. Армани империясының ерекшелігі — оның тәуелсіздігі болды: бренд ешқашан үлкен люкс холдингтеріне кірмей, отбасылық бақылауда қалды. 2005 жылы ол өзінің haute couture (биік сән) коллекциясы — Armani Privé-ді іске қосты.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-та «Әлемдегі ең мейірімді судья» қайтыс болған еді.