Айгүл Мүкей «Астана Экспо-2017» Ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің басшылығына тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Айгүл Мүкей «Астана Экспо-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның баспасөз қызметінің басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы ол өзінің Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.
None
None

«Мен енді «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісімін. Дәл сол ұйымға Сіздердің көп сауалдарыңыз бар, достар. Бірге пысықтайтын боламыз, қатты сынай көрмеңіздер, сонымен қатар сыпайылық пен әдептілік сақтайық», - деп жазады ол.

Айта кетейік, Айгүл Мүкей бұның алдында «Ел арна» телеарнасының директоры қызметін атқарған болатын. Арнаның жабылуы туралы Парламент мәжілісінің отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев хабарлаған еді.

Тоқтала кететін жайт, бюджет жобасын талқылау барысында депутаттар тарапынан «Ел арна» телеарнасының жұмысын тоқтату себептерін түсіндіру сұралған болатын. «Біз жыл сайын «Ел арна» телеарнасына 2 млрд. теңге бөліп келгенбіз. Алайда, рейтинг бойынша осы арна 300 млн. теңгені ғана жинай алады, бұл біріншіден. Екіншіден, Мемлекет басшысының Үкіметке былтырғы жылдың қазан айындағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары бар. Онда Президент контент бойынша сұранысқа ие телеарналарды ғана қолдауды жалғастыруды жүктеген болатын. Ал «Ел арна» контенті, өздеріңіз білетіндей, жартылай сатып алынған, аударылған, ал өзінің құрап отырған контенті жеткіліксіз», - деді министр Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, «Ел арнаға» бөлініп келген 2 млрд. теңгенің тең жартысы, яғни 1 млрд. теңгесі «24.kz» телеарнасының аймақтық тілшілер қосынын кеңейтуге бөлінеді. Бұдан бөлек, 992 млн. теңге сомасындағы бюджет қаражатын жаңа фильмдер түсіруге жұмсау қарастырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар