Айқасқа дайынмын – Батыр Жүкембаев Канададағы айқасы алдында мәлімдеме жасады
Айқас алдындағы баспасөз мәслихатында Батыр Жүкембаевтың қарсыласы – мексикалық Рикарда Ларамен көз арбасты.
«Ресейдегі Bupas Gym залында өз бапкеріммен өте жақсы жаттығу алаңынан өттім. Montreal Casino-дағы басты жекпе-жекке шығатынымына қуаныштымын. Айқасқа дайынмын. Бәріне рахмет», - деп келтіреді Батыр Жүкембаевтың сөзін «Қазақстан кәсіпқой боксы» федерациясы.
Сонымен бірге боксшы өзінің Instagram-парақшасында жанкүйерлері бұл кешке қызығушылық танытып отырғанын айтып өтті.
«Жекпе-жек алдындағы пресс-конференция сәтті өтті! Алла қаласа ертең салмақ өлшеу рәсімі! Бұл жекпе-жегіме Канадалық бокс жанкүйерлері мен БАҚ өкілдері үлкен қызығушылық білдіруде. Ал қазақстандық бокс сүйер қауым, 26 қаңтарда 8:30-да #Хабар арнасының тікелей эфирінен кезекті айқасымды тамашалай аласыздар», - деп жазды Батыр Жүкембаев.
Канадада өтетін аталмыш кешке барлық билеттер сатылып кеткенін бұған дейін хабарлаған едік. Әуелде Б.Жүкембаевтың IBF Latino чемпионы аргентиналық Максимилиано Рикардо Веронға (12-3-1, 4 КО) қарсы айқасатыны жарияланған болатын. Алайда оның қарсыласы аяқ астынан ауысып, ол «Рики» лақап атты мексикалық Рикардо Ларамен (22-7, 10KO) кездесетін болды.
Кездесуді «Хабар» арнасы тікелей эфирден 26 қаңтар күні таңертең көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, Батыр Жүкембаев былтыр 26 қыркүйек күні Монреальда мексикалық Мигель Васкеске қарсы (41-9, 15 КО) өткізген соңғы жұдырықтасуында төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен болатын. Халықаралық бокс ұйымының (IBO) рейтингінде ол өз салмағында 11-ші орында тұр.