Аймақ үшін маңызды шешімдер қабылданды
Сессия жұмысына, сондай-ақ, Парламент Мәжілісі депутаттары Абзал Ералиев пен Геннадий Шиповских қатысты. Сессияның күн тәртібінде бекітілген мәселелер талқыланар алдында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халық қалаулыларына Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің аймаққа іссапары мен «Байқоңыр» кешені жөніндегі үкіметаралық қомиссияның Мәскеудегі отырысының қорытындылары жайлы қысқаша ақпарат берді.
- Өздеріңіз білетіндей, өткен аптада шілденің 7-сі күні Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімов облысымызға жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында біз Үкімет басшысына Байқоңыр қаласының бүгінгі жағдайы мен «Байқоңыр» кешеніне байланысты республика деңгейінде шешімін табуы тиіс мәселелер туралы жан-жақты ақпарат бердік. Жалпы, Үкімет басшысының бұл сапары мен оған іле-шала 8 шілде күні Мәскеу қаласында өткен Үкіметаралық комиссия отырысында «Байқоңыр» кешеніне байланысты қордаланған бірқатар мәселелер алғаш рет ашық талқыланып, кейбір мәселелер төтесінен қойылды, - деді облыс басшысы.
Сапар барысында Премьер-министр Байқоңыр қаласы дамуының бас жоспары және қалаға іргелес жатқан - Төретам және Ақай елді мекендерін дамыту жоспарымен танысты. Кешенді жалға беру жағдайындағы Байқоңыр қаласын дамытуға Қазақстан Республикасының қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Байқоңыр тұрғындарының үштен екісі Қазақстан азаматтары бола тұра, біз қаланың инфрақұрылымын дамытуға араласа алмаймыз. Оған құқықтық негіз жоқ. Бұл мәселе 8 шілде күні Мәскеу қаласында өткен «Байқоңыр» кешені бойынша Үкіметаралық комиссия отырысында көтерілді.
Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Байқоңыр қаласының бірнеше әлеуметтік нысандарымен танысты. Соның ішінде жақында ғана Ресейден Қазақстанның құзырына қайтарылған алты мектептің бірі - №277 орта мектеп және 2010 жылы Қазақстан есебінен салынып, 6 жыл бойы жұмыс жасамай тұрған перзентхана болды.
Облыс әкімдігі аталған перзентхана негізінде облыстық медицина орталығының филиалы ретінде жұмыс істейтін диагностикалық емханасы бар көпсалалы аурухана ашуды ұсынды. Ол Байқоңыр қаласының тұрғындарымен бірге Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетуі тиіс. Өкінішке орай, кейбір ресейлік мекемелер бұл мәселенің шешілуін тым созып жіберді. Сондықтан Байқоңыр қаласындағы медициналық мекеме мәселесінде Мәскеу қаласында өткен Үкіметаралық комиссия отырысының назарына табанды түрде салуға тура келді. Соның нәтижесінде, шілденің 11-нен бастап Байқоңыр қаласында қазақстандық медициналық мекеме ашу туралы шешім қабылданды.
Аймақ басшысы бұған дейін Байқоңырда медициналық қызметті тек ресейлік мекемелер көрсетіп келгенін атап өтті. 1-тамыздан бастап Байқоңырдағы облыстық медицина орталығының филиалы алғашқы науқастарын қабылдай бастайды. Сондықтан бұл да ерекше әлеуметтік маңызы бар шешім деуге болады.
Облыс әкімі 8-шілде күні Мәскеу қаласында «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясының 4-отырысында көтерілген мәселелерге кеңінен тоқталды. Оған Қазақстан тарапынан - ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Ресей тарапынан - Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин төрағалық етті. Күн тәртібіне 24 сұрақ, соның ішінде 8 мәселе Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан ұсынылды. Отырыста Қазақстан мен Ресейдің мүдделерін ескере отырып, «Байқоңыр» кешеніндегі ынтымақтастық тұжырымдамасын әзірлеу барысы талқыланды. Сондай-ақ, «Байқоңыр» кешенінің жұмысы мен ондағы бірлескен жобалардың жай-күйі қаралды.
Облыс әкімдігінің ұсыныстары негізінде Байқоңырдағы қалалық инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, соның ішінде тұрғындарды сумен қамтамасыз ету, газдандыру және медициналық қызметпен қамту сұрақтары жан-жақты талқыланды. Ресей тарапы шұғыл түрде қаланың инженерлік желілерін жаңарту қажеттігін мойындады. Байқоңырдағы инфрақұрылымды дамытуға Қазақстанның қатысуы мақұлданды. Ал кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Байқоңыр» кешеніндегі 14 нысанды Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру мәселесі оң шешімін тапты.
Сондай-ақ, Ресей жағы қыркүйек айына дейін жалға алынған жердің 11,6 мың гектарын кәсіпкерлікті дамыту үшін Қазақстанға қайтару мүмкіндігін ресми түрде талқыламақ. Отырыс барысында қуаттылығы 72 мВт энергопойызын біздің коммуналдық меншікке беру мәселесі де оң шешімін тапты. Қаланың электр қуатына деген сұранысын толығымен дербес қамтуға мүмкіндік беру үшін энергопойыз «Қызылорда электр-жылу орталығына» қосылады.
Үкіметаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша екі ел «Байқоңыр» кешеніндегі әріптестікті нығайта түсуге келісті. Комиссия төрағалары алдағы қыркүйекке жоспарланған кезекті комиссия отырысын Қызылорда қаласында өткізуге және ғарыш айлағының болашағы туралы, Сыр өңірі мен оның тұғындарына берер пайдасы мен келтіруі мүмкін зиянын ашық талқылау жайлы облыс әкімдігінің ұсынысына келісім берді.
Сессияда мұнан кейін облыс әкімі Үкімет басшысының назарына «Қамбаш» сауықтыру орталығында суармалы жерлер проблемаларының ұсынылғанына тоқталды. Қызылорда облысы бойынша 60 мың гектар жердің төрттен бірі суландыру инфрақұрылымының нашарлығынан игерілмей тұр. Кейбір шаруа қожалықтарымыз мемлекетке алақан жаймай-ақ, жерді игеріп, шаруасын дөңгелентіп отыр. Бұндай серіктестіктер мен қожалықтарды экономикалық тұрғыдан ынталандыру мәселесі айтылды. Мелиоративтік жұмыстарға субсидия арқылы арнайы техникалар алуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл жайында кеңес отырысында кеңінен әңгіме болды.
«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңінің жүзеге асырылуы Үкімет алдына қойылды. Бұл жобаны қаржыландыратын Дүниежүзілік Банк тарапынан қаржы бөлу кешеуілдеп жатыр. Сонымен қатар, оны республикалық бюджеттен қаржы бөлу арқылы іске асыру мәселесі сөз болды.
К.Мәсімов «Аралтұз» кәсіпорнында болып, дайын өнім цехын, орау және шикізатты өңдеу цехтарын көріп, тұз өндірудің технологиялық үдерісімен танысты. Мәселен, «Аралтұз» АҚ экспортқа өнімнің 57 пайызын шығарып отырса, соңғы екі жылда Ресей нарығының 10 пайыздық үлесін өз қолына алды. Биылғы жылдың шілде айында мұнда екінші испандық өндіріс цехы ашылды. Бұл - өнім өңдіру 7 есеге артады деген сөз. Және жоба қуаттылығы жылына 320 мың тонна өнімді құрайды. Екінші цехты іске қосудың арқасында өндіріс қуаттылығы артып, 200 жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыс басшысы Премьер-министр атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға бергенін атап өтті. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Барлық көтерілген мәселелер Үкімет басшысы тарапынан қолдауға ие болды. Қажетті тапсырмалар орталық атқарушы органдарға берілді.
Бұдан өзге ауқымды жұмыстардың бірі 9 шілдеде Арал ауданындағы Қамбаш көлінің жағасында өткізілген ІІ Балықшылар слеті. Бұл шараның қатысушылары мен ұйымдастырушылары биылғы слетті ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады. Слет аясында "Балық шаруашылығының өткені мен бүгіні және келешегі" тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. "САРАТС" жобасының алғашқы сатысы аймақта балық шаруашылығының қанатын кеңге жайып, дамуына ықпал етті. Соңғы екі жылда балық өнімін экспорттау көлемі 45 пайызға артты. Биылдың өзінде экспорт ЕуроОдаққа 2 есеге, ЕАЭС елдеріне 2,5 есеге артқан.
Қырымбек Елеуұлы мұнан кейін 2016 жылдың екінші жартыжылдығында қол жеткен жетістіктерге қысқаша тоқталып өтті. Алғашқы бесжылдықта Индустрияландыру картасы бойынша жүзеге асырылған 17 жобаның 11-і жоспарды 100 пайызға орындау үстінде. Мұнай секторынан басқа салаларда айтарлықтай өсім байқалады (123,3 пайыз).
- Шыны зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жақында Жаңақорған ауданында ресейлік компаниямен бірлесе цемент зауытының құрылысы басталса, алдағы кезеңде қытайлық инвесторлармен әріптестік негізінде Шиелі ауданында құны 64 миллиард теңгені құрайтын цемент зауыты салына бастайды. Бұл екі нысанның өзі 400 жаңа жұмыс орнының ашылуына себеп болады. 2018 жылы аталған жобалардың жемісін көре бастаймыз, - деді аймақ басшысы.
Индустриалды бесжылдықтың аясында құны 374 миллион теңге болатын 50 жоба бойынша жұмыс істемекпіз. Оның 9-ы ағымдағы жылы жүзеге асырылады. Бұл жобалар бойынша 5000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды даму үстінде. Бұл күнде кәсіпкерлік субъектілерінің қатары толысқан. Биыл түрлі бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті қолдау үш есеге артып, бөлінген қаржы 5,7 миллиард теңгеге жуықтады. Шағын несие беру 2,5 есеге артып, 2,4 миллиард теңгеге жетіп отыр. Даму қарқыны жоғарылаған салалардың бірі - ауыл шаруашылығы саласы (103,9 пайыз).
Осы күні шағын өндірістердің басын біріктіріп, кооператив құру ісі қарқынды жүргізіліп келеді. Қолдағы көне техникамен күн көріп, Жер-Анаға еккен өнімін тегіс жинай алмай, көрші шаруашылықтардың техникасына жәутеңдеп қарап күтіп отыратын ұсақ шаруашылықтар көп. Алдағы уақытта олардың барлығы бірігіп, ірі кооперативтерге айналмақ. Бұл күнде 229 ұсақ шаруашылықтың басын қосқан 56 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «Ауылда жұмыспен қамту» партиялық жобасы іске асырылуда. Бұл жобаға шағын несиелендіру бойынша 920 миллион теңге бөлінбек.
Шағын тауар өндірушілерге 6 миллион теңгеге дейін несиелер беріледі. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында ет және сүт бағытында субсидияға қол жеткізу үшін ауылшаруашылық кооперативтерін құру және шағын несиелендіру үшін пилоттық бағдарлама жасалды
Жұмыссыздық деңгейі облыста әлдеқайда төмен. Жыл басынан облыста мекемелерден 259 адам (90 адам Байқоңыр қаласынан) жұмыстан қысқарса, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында 5747 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 5073-і тұрақты жұмыс орындары.
Қызылорда құрылыс қарқынын бәсеңдетпек емес. 220 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы нәтижеден 10 пайызға артық. Алғашқы алты айда мыңдаған отбасы өздерінің ұзақ жыл күткен баспаналарына қол жеткізді. Биыл тек бюджет есебінен 67 көпқабатты үй тұрғызылады. Онда 3329 отбасы қоныс тойын тойлайды.
- Дәл мұндай құрылыс қарқыны Қызылорданың тарихында бұрын-соңды болмаған. Бұдан бөлек жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін қала аумағынан 6600 азаматқа жер телімі үлестіріліп берілді. Жер кезегінде тұрған 50 мыңға жуық азаматтың саны қаншаға азайғанын көріп те отырған боларсыздар. Нәтижесінде 36 мыңнан астам халқы бар «Бәйтерек» шағын ауданының іргесі қаланды, - деді облыс басшысы.
Мемлекеттік бюджеттің түсім болжамы 24 пайызға артық орындалған. Оның ішінде жергілікті бюджеттің болжамы 27 пайызға артық орындалды. Осылайша бюджеттің кіріс бөлігі 5,7 млрд теңгеге толықтырып отыр. Бюджет бұрынғыдай әлеуметтік сипатта болады. Ал аймақтың дамуы үшін бюджеттен 40 миллиард теңге қаражат бағытталады.
Мұнан соң сессия күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. 2015 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жайлы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев хабарлама жасады. Бұған дейін тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында барлық мәселе толыққанды талқыланғандықтан депутаттар бір ауыздан бекіту туралы дауыс берді. Ал «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2015 жылғы 10 желтоқсандағы №325 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова хабарлама жасады. Халық қалаулылары бюджеттік өзгерістер мен толықтыруларды бірауыздан қолдады. Сессияда күн тәртібінде белгіленген басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер шығарылды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.