Аймақтарда «Агробизнес-2020» бағдарламасы түсіндірілуде
Ақмола облысының агроқұрылым өкілдерімен кездескен «Қазагро» Ұлттық холдингі мамандары «Агробизнес 2020» бағдарламасының жеңілдіктері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Қазагро» өкілдері Ақмола облысының шаруаларына несие мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және оны қалай қолдану тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ асылтұқымды мал өсіру және бордақылаудың тиімді технологиясы жөнінде де кең мағлұмат берілді. Қолдың қысқалығынан кәсібін бастай алмай отырған шаруалар үшін жеңілдіктер механизмі қарастырылған.
- Кішігірім жері бар шаруаларға сол жерді кепіл ретінде қоюға болады. Кішігірім несие алуға болады. Сол несиемен арнайы құрылған машина-техникалық станция қызметімен сол жұмысты өткізіп алуға болады. Өсірген өнімге субсидия алып, өзінің қарызын қайтарып, осылай пайда табуға болады, - деді «ҚазАгроӨнім» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Анас Баққожаев.
Мемлекеттік бағдарлама аясында 6 миллиард теңге несие алып, кәсібін дөңгелеткен құс фабрикасы Ақмола болысы Целиноград ауданында орналасқан. Комбинат жылына 20 мың тонна құс етін өндіреді. 300-ден астам адам жұмыс істейтін бұл мекемеде 15 түрлі өнім шығарылады.
: - Біздің жобамыздың басты мақсаты - қазақстандықтарды, әсіресе, Астана халқын сапалы әрі қауіпсіз өніммен толық қамтамасыз ету. Сонымен бірге Қазақстандағы импортты азайту. «ҚазАгро» Ұлттық холдингі тарапынан Ақмола облысының агроқұрылымдарын қаржыландыруға өткен жылы 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Агромамандар шаруаларды дәстүрлі мал өсуріден бөлек құс және балық шаруашылығына ден қоюға шақырады. Өйткені олардың өнімділігі мол, өтімділігі жоғары, - деді Құс өнімдерін шығару фабрикасының бас директоры Гүлнәр Қасымбекова.