«Айналайын» орталығының бұйымдарына шетелдіктер зор қызығушылық танытып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының Аса ауылында сіз бен біздің ойымызға кірмеген дүниелерді жасап, бала тәрбиесін басты бағыт етіп ұстанған бір орталық бар.
None
None

Оның аты - «Айналайын». Аудандағы екі жүзден астам бала сабақтан кейін осында асығады. Оның себебі - аналық жүрек пен мейірімде, өмір бойы тынбайтын ізденімпаздықта. Мұның барлығы «Айналайынның» «анасы» - Айгүл Разақованың бойынан табылатын асыл қасиеттер. Қаншама балаға жан жылуын төгіп, жақсылыққа баулу үшін міндетті түрде осындай дарқан жүректі жан болу керек шығар.

Айгүлдің мамандығы құрылысшы-инженер болғанымен, тағдырдың жазуымен жалғыз қызы Мөлдір үшін осы игі істі қолға алыпты. Оның өзі кездейсоқ басталған. Тоқырау жылдары жұмыссыз қалып, үйінде бос отырып қалған ол қызының тәрбиесімен шындап айналыса бастайды. Оған арнап түрлі моншақтармен, әшекейлермен өрнектелген сахналық көйлектер тігеді. Ән салып, би билеуге баулиды. Сосын осының барлығын 8 жасар қызы мен оның құрбыларына да үйрете бастайды. Енді балалар осындай үйірменің бар екенін бірінен-бірі естіп, өздері өтінішпен келетін болды. Сөйтіп, олардың үш бөлмелі пәтері балалардың күн сайын қуана-қуана жиналатын, ду-ду қызық пен тәлім-тәрбиенің көрігі қызған нағыз ошағына айналады. Тағы бірнеше жыл өткен соң аудан әкімі үйірмелерге арнап ғимарат бөлді. Сонымен, бұл орталық толыққанды қоғамдық бірлестікке айналды.

Бүгінде «Айналайын» балалар мен жасөспірімдер орталығы» қоғамдық бірлестігінде «ағылшын тілі», «хореография», «еріктілер клубы», «театр», «қоршаған ортаны қорғау», «фотоклуб», «кестелеу», «балалар кітапханасы», «дизайн» үйімелері жұмыс істейді. Жазда шағын лагерь жұмысын бастайды. Осындағы екі жүзден астам баланың «анасы» үнемі қызықты дүниелерді ойлап тауып, балаларды сол іске жұмылдырып отырады. Балалар осы уақытқа дейін бірнеше ірі байқаулардан жеңіспен оралған. Олардың қолынан шыққан бірдей үлгідегі жас ұландар киімі, ұлттық ою-өрнекпен нақышталған көрпе-жастық, киіз үй бұйымдары, ашық хаттар көздің жауын алады.

«Бұл заттарды ұжымдағы 4-5 шебер тігеді, одан бөлек, дизайнерлеріміз, бишілеріміз, жалпы оннан астам үйірмелердің ұстаздарын қосқанда 20-30 қызметкерім бар. Біздің қолөнер бұйымдарының сатылмай қалған кезі жоқ. Оларды арнайы тапсырыспен емес, тек қиялымызға сүйене отырып, әртүрлі пішінде, дизайнда жасаймыз. Және соны балаларға да үйретеміз. Шетелден келген еріктілер мен қонақтар да қуана-қуана алып жатады. Одан түскен қаржыға әлеуметтік жобаларымызды іске асырамыз. Атап айтқанда, қайырымдылық акцияларын өткізіп, ақысыз үйімелер ұйымдастырамыз. Бір ғана би үйірмесіне ауылдағы жүзге жуық бала келіп жүр. Шағын баспаханамыз бар, сонда ашықхаттар, күнтізбелер шығаруды қолға алдық. Балалардың жастайынан өз ісіне пысық, адал әрі қағілез болып өсуі үшін осы істің барлығын мұқият үйретудеміз», - дейді Айгүл жүзі бал-бұл жайнап. Жоқтан бар жасап, балалар үшін еңбектеніп жүргеніне өзі соншалықты риза. Мүмкін Айгүлдің өмірге келгендегі миссиясы осы болар, кім білсін. Білетініміз - оның жеткіншектер үшін жасаған ізгілікке толы ісі әр адамның қолынан келе бермейді. Оған титтей де күмәніңіз болмасын.

Бүгінде Айгүл пазл түрінде көрпешелер тігуді де қолға алыпты. Пазл-көрпешелер баланың дамуы үшін өте пайдалы. Тараз қаласындағы бірнеше балабақша Айгүлдің қолынан шыққан жаңа үлгідегі көрпешелерді сатып алып үлгеріпті. Бұл өнімдерге әсіресе шетелдіктер зор қызығушылық танытып отыр.

Алайда, орталықтағы соны үрдіс, сауапты бастамалар мұнымен бітпейді. Айгүлдің қызы Мөлдір - Тәуелсіздік құрдасы, сондай-ақ Қазақстанның 2008-2009 жылдардағы Гиннестің рекордтар кітабына енген ең жас биші. Хореографияны жоғарыда айтып өткенімдей, анасының тәлімімен үйренген. Арнайы дәріс берген ешкім жоқ. Соған қарамастан ол бүгінде көптеген жетістіктерге жетіп үлгерді. Кішкентай кезінде республикалық «Әнші балапан» конкурсында жеңімпаз болды. 2004 жылы, небәрі 13 жасында «Жібек жолы аруы» атанып, 15 жасында Одессада өткен «Еуразия кубогі» атты би байқауында бас жүлдені иеленген. Осы байқаудың үш күнінде ол үш түрлі би биледі.

Сол арқылы әлемнің Ресей, Болгария, Украина, Венгрия секілді елдерінен келген кәсіби бишілері мен хореограф-мамандарды «Тауыс», «Алтынай» және «Үкілі ару» билері арқылы таң-тамаша қалдырғаны Мөлдірдің әлі есінде. Бүкіл зал ішінен тынып, ғажайып көріністен көз алмады. Нәтижесінде әділқазы мүшелері барлығы бірауыздан бас жүлдеге қазақстандық жас аруды лайықты деп тапты.

Бір қызығы - аталған би композициялары мен оның сахналық костюмдерінің авторы да Мөлдір мен анасы. Олар барлығын өздерінің ісмер қолдарымен жасап үйренген. Тек, сол додаларға қатысуға қаражат жағынан аудандық әкімдік көмек беріп тұрады. Бүгінде 24 жасар тәуелсіздік құрдасы үйірмеге келіп жүрген балғындарға сабақ береді. «Айналайын» атты би тобын құрған, сол тобын бастап, түрлі байқауларға қатысады. Өзі М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-ді тәмамдаған.

Аналы-балалы Айгүл Разақова мен Мөлдір Тілеубердиеваның, сонымен бірге, асалық «Айналайын» орталығы балғындарының алар асулары әлі алда болса керек.

Жанат Қапалбаева

Соңғы жаңалықтар